Айгүл Кемелбаеваның жазушы Серік Асылбекұлымен сұхбаты
«Сағыныштан» «Рабиғаның махаббатына» дейін
Айгүл Кемелбаеваның жазушы Серік Асылбекұлымен сұхбаты
– Серік аға, «Фолиант» баспасынан 2008 жылы жарық көрген екі томдық прозалық кітабыңызды ықыласпен оқыдым. Қызылорда облысы әкімдігі «Сырдария кітапханасы» сериясымен шығыпты. Бұл ізгі іс, некен-саяқ болсын, әр облыстың осындай сериясына ену нарық заңына тәуелді жазушылар үшін Сахара шөліне тамған жауындай рухын жандандырар нағыз қамқорлық.
Кейбір жазушы қанша дабырайта мақталсын мейлі, олардың көркемдігі жоқ кітабын оқыған оқырман түлкіге зорлап қосқан тазыдай нәумез күй кешеді. Сол жазғаны жасық, қара көбейткенмен нашар категорияға қосылмайтын жазушы екеніңізге сенесіз ғой?
– Айгүл, ең алдымен мынау бәрінен де уақыт тапшы болып тұрған қарбалас заманда менің шығармаларымның екі томдығын ыждағат қойып оқып шыққаныңыз үшін алғысымды білдіргім келеді. Өзіңіз жақсы білетіндей, жазушы өзінің көкірегін жарып шыққан әдеби туындысын осыны ертең біреулер оқуы мүмкін-ау деген үлкен үмітпен дүниеге алып келеді ғой. Егер осы үміт ақталып жатса, суреткер үшін ең үлкен марапат, ең үлкен бақыт сол ғой деп ойлаймын.
Енді алғашқы сұрағыңызға келейік. Онда Сіз: «Кейбір жазушылар қанша дабырайта мақталып жатса да, олардың көркемдігі төмен кітабын оқыған оқырман түлкіге зорлап қосқан тазыдай нәумез күй кешеді, Сіз өзіңіздің жазушылардың осындай категориясына жатпайтыныңызға сенесіз ғой?» депсіз.
Қадірлі Айгүл, жазушының өз шығармаларына өзі баға беруі, жалпы әдепсіздік саналады емес пе. Сондықтан мен де осы бір этикетті бұзбай-ақ қояйын. Менің қандай жазушы екенімді әдебиет сыншылары мен оқырмандардың айтқаны дұрыс болар, асылы.
– «Сағыныш» атты әңгімеңізде айдалада мал баққан екі үй қосқұдық басында көрші отыр. Жасұланның атасы жылқы бағады. Баланың ермегі атасы, ол немересіне ертегі, батырларды әңгімелейді. Дала мен қала бір-біріне жат ұғым. Әже – дала символы, оның кең, жомарт болмысы. Әжесі өлген соң, дархан өмір қарғадай бес жасар бала үшін келмеске кетті.
Қыр баласы енді қала тұрмысына, тар, шектеулі дүниеге бейімделуі керек. Осы әңгіме арқылы 1975 жылдары қазақ халқы үшін урбандалу процесі шапшаң дендей бастаған дилемманы шынайы көрсетесіз. Бұрынғы ата-бабаның кең жайлаған боямасыз өміріне шынайы сағыныш қазіргі қазақ ұлтының бойында қаншалықты сақталды деп ойлайсыз? Өткен көшпелі тұрмысын менсінбеу мен туған тілінен жеруден Кіндік Азияда алдына жан салмаған қазақтар әбден комфорт, рухани тоғышарлыққа құлай беріліп алған жоқ па?
– Сіз тілге тиек еткен «Сағыныш» – менің тұңғыш көркем шығармаларымның бірі. Сіз өз талдауыңызда «Осы әңгімеңіз арқылы 1970 жылдары қазақ халқының урбандалу процесінің шапшаң, әрі үлкен қарқынмен жүре бастағанын шынайы көрсетіпсіз» депсіз. Сіздің тарапыңыздан менің алғашқы шығармаларымның біріне мұндай баға берілуі, шынын айтайын, менің көңілімді біраз көтеріп тастады. Өйткені әрбір қаламгер үшін оның көкірегін жарып шыққан туындысы рухани перзенті секілді ғой. Ал қай ата-ана өз баласы туралы жылы лебіз естігенді теріс көреді.
Шынында да, қазақ халқының, оның ішінде әсіресе жастардың, ауылдардан қалаға қарай ағылуы 1970-1980 жылдары қатты белең ала бастады. Бұл табиғи процесс болатын, жер бетіндегі кез келген халық секілді қазақ ұлты да мынау техникалық процесс барынша қарыштап дамыған заманда бұл үрдістен тыс қала алмайтын-ды. Бір ғана мысал – қазір дамыған батыс елдерінде халықтың тек 15-20 пайызы ғана ауылдар мен деревняларда, хуторларда тұрады. Ол мемлекеттерде ауыл шаруашылығына да техникалық прогрестің барынша дендеп енгені сондай, әлгі 15-20 пайыз ауыл шаруашылық өнімдерімен өз мемлекетінің тұрғындарын қамтамасыз етіп қана қоймай, азық-түліктерінің біраз бөлігін сыртқа экспортқа шығарады екен.
Әрине, туған халқымыздың бірте-бірте қалалық ұлтқа айналып бара жатқаны, – біз қалайық, қаламайық, – болмай қоймайтын процесс. Бұл үрдісте біздің тапқанымыз да, жоғалтқанымыз да жеткілікті. Тапқанымыз – ұлтымыздың қалаға шоғырлану арқылы мемлекетімізде жүріп жатқан экономикалық, саяси процестерге ықпал ететін үлкен әлеуметтік күшке айнала бастағандығы. Өйткені мемлекеттің стратегиялық әлеуметтік-саяси мәселелері алыстағы шағын ауылдарда емес, осы үлкен өндіріс ошақтары шоғырланған, Парламент, Министрлер кабинеті, Президенттік аппарат, облыстық, қалалық әкімдіктер қоныс тепкен қалаларда шешіледі. Осы қалаларда қазақ ұлты шапшаң урбандалудың арқасында қазір саны жағынан басқалардан әлдеқайда басым социумға айналып отыр. Олай болса, жоғарыда біз атап өткен билік институттары алдағы уақытта бұл күшпен санаспай тұра алмайды.
Айгүл, ұмыта қоймаған шығарсыз, 1970-1980 жылдары Алматы секілді еліміздің ең басты мегаполисінде бір қазақ балабақшасы мен мектебінің ашылуы үлкен күшпен, ұлт жанашырларының орасан ынта-жігерінің арқасында әзер-әзер жүзеге асатын, өйткені ол кезде бұл қалада жергілікті ұлт өкілдері бар болғаны 15-18 пайыздың о жақ бұ жағында ғана еді. Ал қазір олар оңтүстік астанамызда 60 пайыздан астам үлесті құрайды, сондықтан да қазір ұлт тіліндегі оқу орындары жыл сайын ешкімнің күш-қайрат жұмсауынсыз-ақ табиғи жолмен өсіп, өркендеп жатыр. Осыған қоса қазақ ұлты қалаға шоғырлану арқылы жоғары білімге, сапалы медициналық көмекке, ғылыми инновацияға қол жеткізді. Бұл – біздің қалалық ұлтқа айналуымыздың жағымды жақтары.
Сонымен бірге жаппай урбандалу процесі кезінде біздің ұлтымыз біраз асылдарынан да айрылды. Олар – көршінің көршіге, ағайынның ағайынға деген мейірімділігі, бауырмалдығы, кішінің үлкенге деген ізеті, халқымыздың қонақжайлылығы. Осы қасиеттерден қазіргі қалалық қазақтар мүлде мақұрым деуден аулақпын, алайда қала бәрібір адамның жанын қатайтпай қоймайды. Мысалы, бір подъезде пәленбай жыл қатар тұрған қалалық көршілер бір-бірінің үйіне бас сұқпайды, отбасыларында бір қиыншылықтар болып қалса, бір-бірлеріне мүлде көмектеспейді. Әркім тек өзі үшін, өзінің игілігі үшін ғана өмір сүріп жатқан бір жұрт. Мен «Сағыныш» деп аталатын Сіз атаған әңгімеде осы жайларды шамам келгенше өзім жақсы білетін кейіпкерлердің образдары арқылы көрсеткім келіп еді.
– «Бөтеннің тойы» – шоқтығы биік, мінсіз әңгіме. Мұнда дала мен қаланың бір-біріне ымырасыздығы, қала даланы менсінбейтіні, дала қаланы жерсінбейтіні; бірі шынайы әлем болса, екіншісі жасанды, өтіріктен тайынбас тасбауырлығы, қос полюстей бірін-бірі кері теуіп, кері кетісуі терең психологиялық иірімдермен ашылады. Қала – ғылым-білім, мемлекет тірегі болуы керек. Дала – оның кеңістігі, тынысы.
Әңгіме-повестерде шөл табиғатының қайталанбас бояуын дәл әрі сүйіп суреттейсіз. Сирек сексеуілдер, тарбиған дүзгендер, шалқыған құм кеңістігінде оазистей жалғыз түп жыңғылдың жап-жасыл басында сары шымшық отыр, ұясы бар. Баялыш бұталары басында бұжыр-бұжыр арқасын күнге қақтап кесірткелердің басы қылқияды. Құм жыланының иір-иір ізін оқырман зердесі көзімен көріп отырады.
Таңжарық – құмды ауыл баласы, Алматыда кәуәп пісірген сексеуілді көріп, туған ауылын елжірей сағынады. Құлтай – қырда өскен жігіт, туған жерінен алшақ кетпеген. 13 жасында интернаттан қашып кеткені тегін болмады. Ноқтаға басы сыймайды. Тіпті оның ағасы мен інісі отырықшылықты, жан қинамауды жөн көреді. Ағайынды үш қазақтың екі түрлі болмыс-бітімін дөп бересіз. Құлтай мал соңында көшіп, бейнет көріп жүре бергені, ағасы оның еңбегінің қызығын рахаттана көріп, шұрайлы қазы-қарта, жал-жаясын жеп, қыл аяғы інісі біркиер киімін алып кететіні соның айғағы.
Құлтай мектепті толық оқымай қалса да, көркем әдебиетті сүйіп оқиды. Оның прототипі кім? Ердің соңы тәрізді ерекше жұлдызды жігіт екенін үйлену тойына келген қаланың сайқал қызы жабыса қалғанда, жолдасының тойында шампан әкелу үшін атына мініп, күн ыстықта алысқа барған сәтінде танылады. Бірақ студент жолдасы оны досым деуге қомсынып, курстастары алдында жалтарып кетеді. Қала даланы бойына теңгергісі жоқ. Василий Шукшиннің «Алеша Бесконвойный» атты әңгімесінде: «Қалалықтар, иттер, қалайда өз мәдениетін көрсете алады, ешкімді төмендетпейді» дейтін жері бар. Бірақ қазақ қала ұлттық мәдениеттің ұясы деп ұялмай айту үшін озық халықтардан ділі күшті берік дәстүршілдікті үйрену керек. Нарық әдебиетті көгертпейді, ендеше тығырықтан шығудың қандай жолын көріп тұрсыз?
– «Бөтеннің тойы» деп аталатын әңгіме – өмірде болған, өзім куә болған ситуацияларға негізделіп жазылған туынды. Әрине, көркем шығарма өмірдегі оқиғалардың тура натуралдық көшірмесі емес қой, сондықтан бұл туындыда автордың көркемдік қиялы мен идеялық көзқарасының да белгілі рөл атқарғаны түсінікті жай болса керек.
Құлтай менің құрбым, құрдасым болатын. Екеуміз бір ауылда – Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы «Қазалы» қой совхозының «Бірлік» деп аталатын №3 фермасында өстік. Оны мен әңгімеме өзінің ата-анасы азан шақырып қойған шын ныспысымен, атымен енгіздім. Осындағы Әли деген кейіпкерге менің аз-маз қатысым бар десем де болады. Алматыдағы институттағы оқудан босап, жазғы каникулға келгенде қой бағып жүрген Құлтаймен ауылда талай кездесіп, бірге жүрген кездеріміз болған. Сонда мені оның жан дүниесінің тазалығы, бетіне иманы шығып тұратын пәктігі және көркем әдебиет шығармаларын көп оқып қана қоймай, содан үлкен адамгершілік тәлім алғандығы риза ететін. Өзімнің азды-кем өмірімде осы күнге дейін мен дәл Құлтай секілді адамгершілік, адамдық сипаты жағынан мінсіз жаратылыс иесін өте сирек көрдім. Сондықтан бірге өскен сол құрбыма осы бір туындым арқылы көркем сөзден әдеби ескерткіш қойғым да келді бір жағынан.
Құлтай 1973 жылы 22 жасында Сырдариядан қайықпен өз отарын өзеннің екінші бетіне өткізіп жатқанда қапияда суға кетіп, қаза болды. Жалпы, ескерткіш дегеннен шығады, менің ойымша, біздің халқымыз екі тұлғаға – өзін дүниеге әкеліп, мәпелеп өсірген Қазақ Анасы мен өзін сонау есте жоқ ескі заманнан бүгінге дейін азық-түлікпен қамтамасыз етіп, асырап келе жатқан Қазақ Қойшысына – айрықша қарыздар. Ендеше Алматы мен Астананың, басқа да ірі қалаларымыздың ең көрнекті жерлерінің біріне осы екі тұлғаға арнап ең еңселі ұлттық ескерткіштерімізді асқақтатып қоюымыз керек, өйткені дүниедегі қазақ атаулының бәрі – қара да, хан да, батыр мен би де – қазақ анасының қойнынан өрбіп, өркендеді, ал қойшылыққа келетін болсақ, біздің бәріміз сол алдынан құт-береке кетпеген қасиетті қазақ қойшысының ұрпағымыз, жеті атамызды алсақ, солардың кем дегенде екі-үшеуі заманында мал баққан бақташы болып шығады, өйткені мал шаруашылығы дала көшпенділерінің, номадтардың ең басты кәсібі болған, сондықтан да ата-бабаларымыз бір-бірімен амандасқанда «Мал, жаның аман ба?!» деп, әуелі малдың амандығын сұраған, себебі мал аман болса, жанның да аман болатынын олар жақсы білген.
Айгүл, мен қазақ халқы барда қазақ ауылы бәрібір сақталып қалады деп ойлайтын оптимистердің бірімін. Неге десеңіз, дүниежүзілік өркениет қанша дамығанмен, адамзат бәрібір электрондық тауарлармен емес, ауылдағы бау-бақшаларда өсірілген көкөністермен, жеміс-жидектермен, фермерлік шаруашылықтардың жайылымдарында өсіп-өнген қойлар мен сиырлардың, жылқылардың, түйелердің, ешкілердің ет-сүтімен қоректенетін болады емес пе. Ендеше ауыл сақталып қалады, алайда қазіргі заманғы әлеуметтік өмірдің бір сегменті болып табылатын ол да, өзіңіз айтқандай, моральдық, этикалық тұрғыдан біраз өзгеріске ұшырамай қоймайды. Өйткені қазір біз, қалалықтар, көретін теледидарды ауыл да көреді, біз оқитын баспасөз өнімдерін ауыл да оқиды, ең бастысы, біз пайдаланатын интернетті де бұл күндері ауыл тұрғындары да жаппай пайдалана бастады. Осыдан шығарып айтсақ, Сіз бен біз бала күнімізде бал дәуренімізде өткізген қаймағы бұзылмаған патриархалды қазақ ауылы енді тарих қойнауына кетті. Әрине, сол ауылдардың келмеске кеткені біз үшін өкінішті, алайда атамыз қазақ «Елу жылда ел – жаңа, жүз жылда – қазан» деп бекер айтпаған ғой. Сондықтан да мен бұл күндері ұзын саны Қазақстанда 11 миллионнан асып, жер жүзінде 16 миллионға жақындаған қазақ халқының тағдырына зор шүкіршілік етем.
Қазақ халқының тағдыры қыл үстінде тұрған 1980 жылдары Ақселеу Сейдімбек ағамыздың Алматыдығы Қазақстан Жазушылар одағының «Қаламгер» кафесінде түстеніп отырғанымызда айтқан бір сөзі әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Сонда Ақаң күрсініп қойып: «Жігіттер, егер менің қазақтарымның саны өз Отанында 10 миллионға жетсе, мен келесі күні-ақ Аллаға мың да бір шүкіршілік айтып, о дүниеге армансыз жүре берер едім» деген-ді. Біз: «Неге, Ақа?..» деп, мына тосын әңгімеге елең ете қалыстық. Ақаң сәл-пәл ойланып барып: «Өйткені ұзын саны он миллионға жеткен халықтың ассимиляцияға ұшырап, мүлде жоқ болып кетуі ешқашан мүмкін емес, егер Жаратушының тосын бір пәрмені болмаса. Тарих сабақтары бізге осыны айтады. Бұл – біріншіден, екіншіден, бұл пәнидің жалған екенін кім білмейді, сондықтан менің де әйтеуір бір кезде, – ерте ме, кеш пе, – о дүниелік болатыным ақиқат қой, сол кезде туған халқымның 10 милллионға толған қабырғалы ел болғанын көріп кетсем, менде бұдан басқа қандай ұлы арман болуы мүмкін» деген-ді. Бұл күндері, шүкір, сол асыл ағамыздың арманы орындалып, қазақ халқы үлкен қабырғалы елге айналып отыр. Сондықтан біздің Жаратушыға айтар алғысымыз шексіз болуы керек.
Ал «Қазақ аулының материалдық, моральдық тұрғыдан күйзеліске ұшырай бастағанын қай жазушылар тереңдеп суреттеді?» деген сұраққа келетін болсақ, мен олардың қатарына Ш.Мұртаза, С.Мұратбеков, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, М.Ысқақбай, Д.Исабеков, Қ.Мұханбетқалиев, Б.Нұржекеев, Т.Әбдіков, О.Бөкеев, Т.Нұрмағамбетов, Ж.Түменбаев, тағы басқа бір топ қаламгерлерді жатқызған болар едім. Сонымен бірге мен бұл күндері шығармалары біздің сыншылар мен әдебиеттанушылардың назарынан тыс қалып бара жатқан екі талантты прозашымыздың аты-жөндерін атай кетуді парыз санаймын, олар – марқұм Сейдахмет Бердіқұлов пен марқұм Болат Қанатбаевтар. Менің ойымша, Сейдағаңның «Электрик», Болаттың «Жар басындағы жалғыз үй», «Керек адам» деп аталатын әңгімелері – қазақ аулының қайталанбас бейнесін жасаған классикалық дүниелер. Бұлар – қазақ аулының тағдырын суреттеген ең таңдаулы шығармалардың антологиясына ұялмай ұсынуға татитын әдеби жәдігерлер.
– 1966 жылы көрнекті орыс сыншысы, әдебиеттанушы Игорь Золотусскийге жазушы Федор Абрамов Ленинградтан телефон соғып, «Север» журналын тап, Василий Беловтың «Привычное дело» повесін оқы, Русьқа үлкен жазушы келе жатыр» дейді. Золотусский рухани өліп, қаңырап құрып бара жатқан орыс деревнясы туралы бұдан артық дүние оқымадым, үйіңе пәле келгенінде жүрегің қалай ауырады, соны сезіндім деп тебірене жазады. Бұл повесте совет дәуіріндегі шаруа адамының ұдайы жоқшылыққа байланған, колхоз шөбін бір сиыры үшін түнде ұрланып шауып, үлкен отбасын асырай алмай, соның кесірінен әйелі зорығып өлген ащы қасіретін суреттейді. Ал советтік идеология мұны көрмегенсиді.
Орыс патриархальды тұрмысының ақыры А.П.Чеховтың «Шие бағы» кесіліп, И.А.Буниннің «Деревнясы» күйзелген кезден бұрынырақ басталған. Қазақ әлемінде орыстың басына туған күн кешігіп қайталанды. Қазақ әдебиетінде ауыл күні батқанын терең суреттеген жазушылар кімдер деп ойлайсыз?
Ауыл мен қала қақтығысы, ауыл адамдарының шынайы прототиптері анық талай әңгімелерде, сондай-ақ, «Тұқым» атты әңгімеңізде керемет дөп берілген! Қазақы домалақ жала сөзді, өтірік қосып, тұздықтап, зиянсыз әсірелеуді көрсететін юмор тұсы: «Айдарбайдың үлкен ұлы Қорғанбек... әкесіне әбден көңілі қалған соң, «Енді бұл шалдың өлігіне келермін» деп кетіпті дегенді ауыл арасындағы әйел, бала-шаға сыпсың-сыпсың әңгіме етіп жүрді», «Осыны айтқанда, Қорғанбектің қасында кім тұрғанын құдай білсін, әйтеуір, көлденең жұрт: «Рас, одан шығады» десіп намазға ұйыған молдаша ықыласпен құп алысты...».
«Қысқы каникул» атты әңгімеде қазақтың көпе-көрнеу шоқиған, қыстауда жалған қонған оқшау тұрмысын, интернатта оқитын жас баланың анасына, ананың бауыр еті баласына жан тебірентерлік сағынышын, Мойнақпен сырғанақ тепкен Шынтастың кейпін дәл суреттейсіз.
«Қоңыртаудың басында бір топ жусан» атты әңгімеде қазақтың жаны бар. Ностальгия қазақ жазушысына шын мәнінде не береді? Ендігі ұрпақ орыстан асып, шығандап, Европа, Америка, ағылшын шығып кетті. Олар тегіне қайтуға бейілді ме?
«Шеше» атты әңгімеде жесір әйел Толқын ұлын оқытты, жеткізді. Ұл есімі анық аталмай, ұл делінеді, қарақан басынан аспайтын, дөкей басшының күйеу баласы болу арқылы кісі болғысы келген, тоғышарлықты таңдап, заманға күйлеген, ең жақын анасы мен қарындасын үйлену тойына шақырғысы жоқ, бірақ шешенің жиған-терген ақшасын қағып алуға арланбайды.
Ауыл артта қала бермек, соған үкім етілген, саясат нәтежесі. Ауыл-қиын, қала-жеңіл, ауыл-сұрықсыз, қала-сұлу, сөйтіп, ұдайы салыстырулардан тектік белгілер ұтылып, ғаламдану ұта береді. Бұған не қайран бар? Қазақтықтың негізі, ұлттың алтын ұясы ауыл емес пе?!
– Айгүл, менің Сіз атаған «Тұқым», «Қысқы каникул», «Қоңыртаудың басында бір түп жусан», «Шеше» деп аталатын әңгімелерімнің бәрі дерлік біздің ауылдың тіршілігінен алынып жазылған дүниелер. «Қоңыртаудың басында бір түп жусан» деп аталатын туындыдағы шалдың прототипі мен 5-сыныпқа дейін қолында өскен атам Қани Қосымұлы болса, «Қысқы каникулдағы» шеше мен бала – менің анам Ләтипа мен менің өзім. Екінші дүниежүзілік соғыстың солдаты менің әкем Асылбек Өтегенов майданда қатты жараланып, Уфа қаласындағы әскери госпитальда 5 ай жатқаннан кейін, 1944 жылдың соңында әскер қатарынан босатылып, елге оралады. Елге келген соң 6-7 жыл колхоз председателі болып істейді де, 1950 жылдары бастықтың жұмысын райкомға қайта тапсырып, бір отар қой алып, қырға кетеді. Өзінің бұл қадамын ол кісі: «Менің сауатсыздықты жою мектебінде 3-4 ай алған азғантай білімім 1950 жылдардың басында бір-бірлеріне қосылып ірілене бастаған үлкен колхозды басқаруға қауқарсыз бола бастады. Елге бұл уақытта кәсіптік училище, арнаулы ауыл шаруашылығы техникумдарын бітірген жас мамандар келе бастады, сондықтан мен райкомға барып, арыз жазып, өз орнымнан ерікті түрде босануды жөн көрдім. Ол кезде қанша майдангер болсаң да, шала сауатты адамға ауылда екі-ақ жұмыс бар, біреуі – қолыңа кетпеніңді алып, дихан болу, екіншісі – қазақтың ата кәсібі қойшылық. Мен екінші жолды таңдадым», – деп түсіндіретін.
Енді бәрі айқын болған шығар деп ойлаймын, «Қысқы каникулдағы» совхоз орталығындағы интернатта жатып оқитын, он күнге үйіне қысқы демалысқа келіп жүрген қойшының баласы Таңаттың прототипі – менің өзім. Бір айта кететін жағдай, малшылардың балалары кішкентайынан ел-жұрттан жырақта, жаратылыспен етене өскен соң болар, табиғатқа, ондағы өсімдіктер дүниесі мен жан-жануарлар әлеміне өте жақын, сезімтал болып өседі. Сонан соң қиялшылдау болады, олай болатын себебі айналаңда сенімен бірге ойнайтын құрбы-құрдастарың жоқ, ал бала болған соң бәрібір біреулермен ойнамай болмайды, сондықтан сол қиялыңдағы құрбыларыңмен асыр саласың, немесе «Қысқы каникулдағы» Таңат секілді азаннан кешке дейін Мойнақ секілді иттің бірімен жарысып ойнайсың. Әйтеуір айналысатын бір ермекті өзің тауып алуың керек.
Тағы бір айта кететін жағдай, малшылардың баласы орталықтағы жайлы үйлерде өскен ауыл мен қала балаларына қарағанда ерте есейеді. Малшының ауыр тұрмысы оны ерте есейтпей қоймайды. Мысалы, мен мектептегі екінші сыныпты бітіріп, үшіншіге көшкен жылғы жазғы каникулдан бастап демалыс кездерінде бір отар қойды жалғыз өзім бағып жүрдім. Әрине, күн сайын емес, жетісіне екі-үш реттен дегендей. Өйткені малшы да адам баласы, кейде оның да басы ауырып, балтыры сыздайтын кезі болады, немесе көрші ауылдағы құрдастары, құдалары, не нағашы-жиендері оны той-томалаққа шақырады. Сол кезде қой қотанда иіріліп тұрмайды ғой, оны біреу өріске шығарып, бағып келуі керек, әдетте сол біреу басқа емес, сол әлгі тойға кеткен малшының әйелі, не баласы болады. Біздің үйде менің шешем малшының зайыбы болса да, бір күн толық мал бағып көрген жоқ, ол жұмысты әкем, мен, кейінірек менің інілерім атқарды.
С.Есениннің бір көреген сөзі бар: «Не өтсе, сол аяулы» деген. Бала күнімде «Қысқы каникулдағы» Таңат секілді: «Шіркін-ай, совхоз орталығында тұратын балалар қандай бақытты. Әрқашан әке-шешелерінің, құрбы-құрдастарының қасында, мына мен секілді әр каникул сайын әрі-бері шұбырып діңкелемейді. Менің ата-анам не ғып осы бір отар қойға байланып қалды екен?!!" деп, арман ететінмін. Ал қазір қарасам, сол қияндағы жалғыз қыстауда таңертеңнен кешке дейін ақ тер, көк тер болып Мойнағыммен жарысып жүретін қамсыз күндерім өзіме ерекше ыстық, аяулы көрінеді. Сол бір енді алтын берсең де сатып ала алмайтын, ешқашан оралмайтын балалық деп аталатын пәктікті сағынам.
– «Ех, Россия!» – трагикомедиялық әңгіме, күлкісі мен қайғысы тең. Қасқырбай – әскерден Қызылқұмдағы шағын ауылына жаңа оралған жас жігіт. Бөрі – тотем. Қасқырбай – нағыз қазақ. Қазақтың көрсеқызар, әсірешіл, елікпе, ергіш мінезін ерекше дәл беріпсіз. Баяғыда таза қазақ ауылының бір ауыз орысша білмей өскен баласы әскерден қайтқанда ана тілін ұмытып қалыпты-мыс. Қабырғада ілулі тұрған әкесінің тонын көріп жалбыранка, қамшыны – салбыранка, итті зымыранка деген екен. Өркениетті елдерді көріп оралған қазақ сол анекдоттағыдай, өз елін қораш санап, қомсынып, жатырқай қалатын тосын мінезі типтік мінезге айналып кеткен. Бұл ой екіұшты, орысқа тән рухани дүниенің бәрі көрікті, қазаққа тән тұрмыстық дүниенің бәрі өгіз арба ілбіңмен артта қалған тәрізденеді. Бұл астары мол әңгімеде ұлт мүддесі үшін жаны күю, қазақ идеясы берілген. Экономикасы дамымай артта қалған аймақтарды ит байласа тұрғысыз көріп, нәпақасыз халық туған жерден кетіп жатқан, жаппай урбандалу сыры ашылады.
Гюстав Флобердің «Мадам Бовари» атты әйгілі романында провинциядағы бір сарынды сұрша өмірден жалығып, жаны көркемдікті аңсаған елгезек бас кейіпкері сияқты Қасқырбай Ресейдегі екі жылда көзі көрген небір артықшылықтарды аңсап, жаны құлазиды. Бұл этностық мүдде. Әңгіме юморы қарадай көз жасына бергісіз. Орыс халқы әділ, орыс озық деген идея басқа бір әңгімеңізден кездеседі. Біздің қазақ қайтсе өзгелерден кем қалмайды?
– «Эх, Россия!..» әңгімесінің тууына біздің ауылдағы мынадай бір болмашы оқиға себеп болды. Бейсен деген кластасымыз бар болатын, өзі аңқаулау, адал, ақжарма жігіт-ті. Сол Бейсен Ресейде екі жыл әскери қызметін атқарып, елге оралады ғой. Бірсыпара кластастарымыз, – ішінде мен жоқпын, – құтты болсын айтуға Бейсекеңнің үйіне жиналады. Дастархан жайылып, бір бірлерін көптен бері көрмеген құрбылар арқа-жарқа болып қалады. Әдеттегідей бәрі жүз грамдатады сол кездің салттарымен. Сүйтіп екінді кезінде ауылдың шетіндегі төбеге көтерілмей ме бәрі абыр-жабыр болып.
Жаз. Жарықтық Қызылорданың күні күйіп тұр. Оның үстіне ауа тымырсық. Сол кезде дембельге шығар алдында рота старшинасының көмегімен жергілікті саудагерлерден сатып алынған теңізшілердің көкжолақ мәйкесімен тұрған Бейсен ұясына қарай дөңгелеп бара жатқан қып-қызыл күнге қарап тұрып: «Жігіттер, мына ыстыққа қалай шыдап жүрсіңдер?! «Эх, шіркін Россия!.. – дейді ғой мәйкесінің кеуде тұсын бір қолымен желпіп қойып күрсініп. – Эх, Россия!.. Саған жер жетпейді ғой әлемде!..». Кластастар әуелі Бейсекеңнің бұл тосындау монологына түсініңкіремей қалады, кейінірек көздері мәселенің мәнісіне жеткеннен кейін арқа-жарқа бір күлейін десе, Бейсекеңнің түрі өте байыпты, орысша айтқанда, өте «серьезный». Сағыныштан дымданыңқырап кеткен қой көздерін батысқа, яғни Россия жаққа қадап алған.
Міне, осы бір кішкентай деталь осы әңгіменің жазылуына түрткі болды. Әңгімедегі қалған оқиғалар Ресейдегі әскерде қызмет еткен таныс, жолдас жігіттердің бастарынан өткен әртүрлі эпизодтардан құралған. Былайша, айтқанда, бұл әңгімедегі Қасқырбай – Ресейде әскери қызмет еткен қазақ жігіттерінің жинақталған типтік бейнесі.
Айгүл, сіз «Эх, Россия!» – трагикомедиялық туынды, күлкісі мен қайғысы тең» деп, бұл әңгіменің табиғатын бір ауыз сөзбен дәл ашып беріпсіз. Шынында да, Қасқырбайдың көптеген іс-әрекеттері мен мінездері оқып отырғанда күлкі тудырғанымен, оның ар жағында қазақ жанына орыс отаршылдығының салған ауыр жарасы жатыр. Қасқырбай неге дастарханда үкіметтің заңды өндіріс орнынан шыққан арақ-шараптары самсап тұрғанда өзі әскерде жүргенде деревнядағы кемпірлерден сатып алып ішкен қайдағы бір орыс самагонын аңсайды, неге ауылдағы сүмбіл шаш, қара көз аруларға көңілі толмай, Ресейде қалып қойған Наташаның ыстық құшағын, аспан түстес назға толы әдемі көгілдір көздерін ойлап сағынады. Өйткені ол отарланған ұлттың өкілі, сондықтан оған қазақы атаулының бәрі артта қалғандықтың, ал орысқа тәннің бәрі озықтықтың, прогресстің белгісі секілді боп көрінеді. Жасыратын несі бар, егемендік алғанымызға жиырма жылдан асса да, осындай кембағалдық комплексі (комплекс неполноценности) көбіміздің бойымыздан әлі арылып болған жоқ қой, өйткені философ қазакең біліп айтқандай, ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады.
– Қазақ қоғамының кертартпа бейнесін әжуа күлкі, ащы мысқыл арқылы суреттейсіз. «Алтыбақан» – Жаңабек әділет іздеген кейіпкер. Ол ауылдағы қазақбайшылық кері кеткен көнбістік пен озбырлыққа шыдай алмай тілші болады. Оның аудандық газетке басылатын мақалалары расында арыз-шағым. Мұнда тіліп түсердей қазақ ақиқаты бар. Осы әңгімеде «Алдош – Алданыш –Алдаекең» кейіпкері қоса жүр. Кез келген кейіпкеріңіз арқылы, мейлі ол жақсы не жаман болсын, қазаққа ғана тән психологияны беру шеберлігіңіз ерекше.
Әуелде бір шығармасынан екінші шығармасына кейіпкерлері ауысып жүре беру тәсілін Джемс Фенимор Купер, Уильям Фолькнер, Эрнест Хемингуэй үлкен прозада дамытты. Сол өміршең тәсіл өте әсерлі, мен оны біраз әңгімемде ұштастыра жалғастырдым.
Жаңабек тілші шындықты атымен түстеп айтқаны үшін ақ қарғаның кебіне ұшырап, қоршылық соққыға жығылды, сотталып кете жаздап, қарадай 1000 сомынан айрылды, ауылдан аласталды. Ең жаманы, оның шындық сүйгіш рухы жасыды, қай заманда болсын адалдықтың құны көк тиын екенін ұқты. Қазақтың жақауратқан өтірік мінездері оның титығына жетті.
Осы әңгіменің негізгі идеясы күштінікі қашанда заң, жарамсақ жұрт екіжүзділікке еті үйренген, соның үшін зұлымдыққа елең етпейді, әманда «Сен тимесең мен тиме, бадырақ көз» деп бұғып қалады деген елдік құса. «Алтыбақанды » жазуға не түрткі болды?
– Біз осы күндері қит етсе, билікті кінәлап жатамыз. Айталық, дер кезінде суарылмағандықтан бір фермердің егіс алқабы қурап кетсе де, немесе бір жекеменшік фабриканың шатырын дауыл ұшырып алып кетсе де. Қойшы, әйтеуір бәріне кінәлі солар, яғни биліктегілер сияқты болып көрінеді бәрімізге. Мен бұл арада билікті ақтап алғалы оларға адвокаттық қызмет көрсетіп отырғаным жоқ. Рас, мемлекетімізді жегі құрттай жеп, әлсіретіп жатқан да биліктегілер, параны мыңдап емес, миллиондап қылғытатындар да қарапайым көпшілік емес, сол лауазымды атқамінерлер, сүйтіп қоғамды айрандай ірітіп жатыр сарбаздар. Бірақ солар қайдан шықты? Жер астынан тесіп шықты ма, әлде аспаннан парашютпен салбырап түсті ме? Жоқ, нақ біздің қоғамнан, өзіміздің қақ ортамыздан шығып еді ғой. Олар біреуіміздің сыныптасымыз, біреулеріміздің ауылдасымыз, енді біріміздің нағашымыз, немесе жиеніміз. Ендеше бар гәп біз өскен қоғамда болып тұр екен ғой!.. Егер біздің бәріміз анау Балтық жағалауындағы эстондар мен латыштар, немесе Скандинавиядағы шведтер секілді шетімізден турашыл, әділетті, парақорлық пен екіжүзділікке атымен төзбейтін ақжүрек жандар болсақ, олар да бізден шығандап алыстап кете алмас еді ғой. Өйткені кілең әділетшіл, турашыл ақжүректер ат төбеліндей билікті ондай оспадарсыздыққа барса, жаппай митингілетіп, бір-екі аптаның шамасында бір жағына шығарар еді ғой. Жоқ, біз, жасыратыны несі бар, ондай ақжүректер емеспіз, біз де билігімізге ұқсаңқыраймыз, дәл солардың өзі болмасақ та, мінезімізде, құлқымызда соларға тән толып жатқан белгілер бар. Ендеше Қазақ қоғамында болып жатқан кінәраттарға билікпен қоса біз де кінәліміз.
Айгүл, жалпы көркем шығарманың идеясын автордың ашып көрсеткенінен гөрі, оқырманның, одан да гөрі әдебиеттанушылар мен сыншылардың ашып көрсеткені тиімдірек болатынын екеуміз де жақсы білеміз ғой. Алайда өзіңіз сұрақ қойғаннан кейін этикетті сәл-пәл аттап, өз шығармамның идеясын өзім айтуға тура келіп отыр. «Алтыбақан» повесін (мен бұл әдеби туындының атын кейінірек «Ақ қарға» деп өзгерттім) жазу барысында мен өз оқырманыма осындай идея айтуды мақсат тұттым.Ал повестің бас кейіпкері Жаңабекке келетін болсақ, мұндай адамдар әр ауылда, әр ауданда бар. Бірақ бір өкініштісі, қоғамдағы былық-шылыққа көз жұмып қарау әбден қанына сіңіп кеткен қазақтардың арасында олар тым аз, көп қара қарғалардың арасындағы азғантай ақ қарға секілді бірлі-жарым. Сондықтан да олар дәл қазіргі күндері біздің қоғамымызда ауа райын жасай алмай отыр.
«Алтыбақан» повесіндегі Жаңабектің шығарманың соңында қоғамнан тауы шағылып, жалғыздыққа ұшырауы менің қалауыммен болған ситуация емес, қазіргі қазақ қоғамының шындығы тудырып отырған жай. Мен мына азды-көпті өмірде осы кейіпкерге ұқсас бірнеше азаматты көрдім, алайда әділет үшін жүрегін суырып беруге даяр осындай жандарға біздің кертартпалау қоғамымыз әпенділерге қарағандай шекелерінен күліп қарайды, сондықтан да соттарда да, біздің қазандай қайнаған әлеуметтік өмірімізде де көбінесе әділет жеңіліске ұшырап жатады. Осының бәрін сараптай келгенде данышпан Абайдың біз туралы: «Бұл қазақ иә қолында шексіз билігі бар, немесе шексіз байлығы бар адамды ғана тыңдайды, оған әділеттің де, адалдықтың да қажеттілігі шамалы» дегені рас болып шықты ма деп қауіптенем. Және Абайдың заманындағы қазақ пен қазіргі жаңа қазақтардың құлқы мен мінезі (олардың үстеріндегі киімдерін, көздеріндегі көзілдіріктерін, астындағы көліктерін айтып отырғанымыз жоқ) бір бірлерінен онша көп алыстап кетпеген сияқты. Ең қатерлісі – осы, өйткені Абай дүниеден өткелі арада бір ғасырдан астам уақыт өтті, – ал бұл аз мерзім емес, – ендеше дүниежүзілік даму заңдылығына сай осы жүз жылда біз ұлт ретінде сапа жағынан көп ілгерілеуіміз керек еді ғой. Алайда, өкінішке қарай, әзірше олай болмай отырғанға ұқсайды.
– «Үлкен қаладағы кішкентай оқиға» – өте нәзік, лирикалық әңгіме. Жас қыз – Гүлсара, балаң жігіт, студент – Таңжарық. Жастық шақ – таңғы шықтай тазалық бар. Алғашқы махаббаттың оқыс тұтануы. Қимастық. Аэропорттағы бейкүнә айырылысу. Екеуінің тағдыр жолын автор жұмбақ қалдырады. Бірақ жігіт қызды іздеп соңынан барардай зарығады. Маған бұл әңгіме өлеңдей сезілді. Автобиографиялық сарындары бар сияқты?!
– Айгүл, «Үлкен қаладағы кішкентай оқиға» деген әңгіменің автордың өмірбаянына қатысы бар ма?» деп сауал қойыпсыз. Иә, ептеп қатысы бар. Біздің бәріміздің өсіп шыққан Отанымыз ол – балалық, жасөспірім шақ қой. Аталған шығарма менің қаламгер ретінде әлі ештеңемен ласталып үлгермеген алғашқы ақша қар секілді балауса, мөлдір сезімдерімізге қойған әдеби ескерткішім десем де болар. Бұл әңгіме ең алғаш рет «Мәдениет және тұрмыс» журналының 1982 жылғы 7-інші нөмірінде «Абитуриенттер» деген атпен жарық көрді. Ол кезде бұл басылымның таралымы 450 мыңның, яғни жарты миллионның шамасында еді. Өзіңіз айтқандай, аталған шығарманың басты кейіпкерлері балаң студент жігіт Таңжарық пен жас қыз Гүлсараның өмір жолын финалда шешілмеген жұмбақ күйінде қалдырдым, өйткені адам баласының алдағы тіршілігінің қалай жалғасары әрдайым белгісіз ғой, оның қалай болары тек бір ұлы Жаратушыға ғана аян, сондықтан да біздің бәріміздің тағдырымыз кейде өзіміз мүлде күтпеген бұрылыстарға толы. Мүмкін адам өмірі сонысымен қызық, сонысымен ғажайып шығар.
– Серік аға, алғашқы балаң махаббатты «Мектеп бітіру кеші», «Рабиғаның махаббаты», «Сары қыз», т. б. әңгімелерде терең, психологиялық қалтқысыз суреттейсіз. Мұнда қазақ тұрмысындағы кері өзгерістер бар, мұғалім әйелдердің арақ ішуі, қазақ тілі шұбарлануы, ерлердің бос мылжыңдыққа, рухсыздыққа салынуы. Бостекі көке мылжыңды қазақ ертеде бәдік бас деген. Ендігінің бәдік басы Гогольдың Ревизоры – Хлестаковтан еш кем емес, жүрген жерінде үлкен құрметке ие. Жаттанды, өлең-жырларды көсілте шешенсіп, бір сәтке өзге жұртқа данышпансып көріне алады. Өйткені қазіргі шоу өнерге әбден үйренген надандау халық әдебиетті, құнарлы сөзді өзі жарытып білмейді, сондықтан бір псевдофилософ шықса шынымен мәз болып, түк көрмегендей таңырқай қалуға, қадір тұтуға еті үйренген.
Махаббаттың бағы мен соры кілең үштікке байланған. «Мектеп бітіру кеші», әңгімеде ересею басталар сәтте Нұрашқа Алмагүл жабысады. Ең кереметі, ол зәлім қыз бозбаланың Бибіжанды ұнататынын біле тұра, араға тікенек болып өсіп шығады. Жас десе де нағыз сайқал. Балауса қыз кезінде-ақ кей әйелдің қулығы қырық есекке жүк болары өмірде жиі кездеседі. Махаббатта күншілдіктің шегі болмайды. Екеуінің араларын Алмагүл бәрібір бөледі. Сол сәтте жаңбыр жауып, аспан қақ айырылардай күн күркіреп қоя беруі психологиялық паралелизм. Нұраш құсалы аңырап тұр, бұл қателігі бүкіл өміріне кетерін іші күйіп сезеді.
Нұраш сүйген қызымен татуласуын оқырман соңғы сәтке шейін күтеді. Әңгіме реалистік қуаты зор, құпия драмасымен баурайды.
– Сіз атаған «Мектеп бітіру кеші», «Сары қыз» деп аталатын шығармалар да негізінде өмірде болған оқиғалардың негізінде туған. Жалпы, мен барша қаламгерлер секілді екі нәрседен – тіршілік ақиқатынан және көркемдік қиял деп аталатын ішкі рухани күштен – қуат алам. Меніңше, өмір шындығы жазушы үшін шикізат болса, көркемдік қиял шығармашылық еңбекпен қосылып сол шикізатты белгілі бір өнердің формасына келтіруші қалып. Егер адам тумысынан суреткер болып жаралған болса, ол мына айналамыздағы қайнаған өмірден өзіне лайықты, қолайлы шикізатты бірде болмаса бірде міндетті түрде табады, сонан соң оны қандай қалыпқа салып пішіндеудің әдістерін, методикасын ойлана бастайды. Бір күні суреткер өзі де күтпеген бір сәтте сол әдіс, сол методика жазушының ойында, қиялында оның жан дүниесін қуанышқа, ақшаңқан сәулеге бөлеп, жарқ ете түседі. Ал қалғаны енді техниканың ісі. Мұны шынайы шығармашылық тұлғалардың бәрі біледі, өйткені олардың әрқайсысы белгілі бір көркем туындыны өмірге әкелерде міндетті түрде осы жолмен жүріп өтеді.
«Сары қызда» Абай атындағы Қазақ педагогикалық мемлекеттік институтының филология факультетінде менімен бірге оқыған бір курстас қыздың басынан өткен оқиға суреттелетін болса, «Мектеп бітіру кеші» 1968 жылы жазда менің кластастарымның мектеп бітіру салтанатына арналған қоштасу кешінде өмір сахнасына шыққан әлеуметтік, интимдік ситуациялардан тұрады. Шығармада мен, әрине, кластастарымның аты-жөнін өзгертіп алдым, тек бізге орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген Майя Дмитриевна Тен деген мұғалимамыз ғана бұл туындыға өзінің шынайы ныспысымен кірген. Майя Дмитриевна Л.Н.Толстой, А.П.Чехов секілді орыс классиктерінің шығармаларын терең түсініп, білгірлікпен талдайтын, С.Есенин, А.Ахматова, В.Маяковский секілді ақындардың кейбір өлеңдерін жатқа соғатын өте білімді педагог-тын. Сондықтан мен осы бір сүйікті ұстазымызды аталған әңгімеге өз аты-жөнімен кіргізуге тәуекел еттім. Бұдан ол кісінің азаматтық атақ-абыройына пәлендей көлеңке түсе қоймас деп ойладым.
Маған оқырмандармен кездесуде осы «Мектеп бітіру кеші» туралы көптеген сұрақтар қойылады. Соның ең бастысы – «Осы әңгімеңіз арқылы нендей ой айтпақ болдыңыз?» деген сауал. Мен осы шығармам арқылы егер оқырманға жеткізе алсам, бір емес, бірнеше авторлық идея айтпақшы болған едім. Олар – балалық шақтың ғажайыптығы, оның адам өмірінде жазғы нөсердей айналасын озонға, жұпарға бөлеп, тез өте шығатын өткіншілігі және ең бастысы біздің ең үлкен жетістіктеріміз бен қателіктеріміздің осы жасөспірім шақта басталатындығы. Ешкім о баста туа бітті бірыңғай алаяқ, екіжүзді, жылаңқы, аяр, немесе ақжүрек, батыр, қайтпас қайсар болып тумайды. Сәби кезімізде бәрімізде періште секілдіміз. Алайда қоғамдық орта, көше бізді өз қалауына қарай жұмбаздап, өзінше тәрбиелейді. Меніңше, бұл тәрбиенің әсері ата-ананың, ұстаздардың тәрбиесінен де күшті. Өйткені қоғамдық ортада, көшеде бәсекелестік, тартыс бар. Сол тартыс, бәсекелестік сені неше түрлі пәлеге, жақсылыққа да, жамандыққа да итермелейді. «Мектеп бітіру кешіндегі» басты кейіпкерлер Нұраш пен Алмагүлдің, Бибіжанның ортасы – олардың өздері және басқа да бой жетіп, ержетіп қалған сыныптастары. Бұлардың арасында да ересек қоғамдық ортадағы секілді тартыс, бәсекелестік бар, ал олар бар жерде міндетті түрде қателесу бар, жеңу бар, жеңілу бар. Өмірдің мектебі дегеніміз – осы. Оның қатал сынынан өтпейтін ешкім болмайды, міне, сол кезде біз өзіміздің адамшылығымызды сақтап қала аламыз ба, әлде пенделіктің шырмауынан шыға алмай, оңбай сүрінеміз бе, меніңше, бар мәселе осында.
– «Рабиғаның махаббаты» – күллі қазақтың әр ауылында тегіс болып өткен типтік қайғылы оқиғадай елестейді. Әңгіме идеясы – адамдар шынайы өмір сүруге қабілетсіз, ең қымбат қазынасын қараусыздық пен немқұрайлылықтан, көз қарашығындай аялап сақтауды үйренбегендіктен тез жоғалтады. Адамзат үшін махаббаттан артық дүние болмаса да, соны дер шағында танымай қор болады.
Образдар нақты, жалғандық жоқ. Беймезгіл солған гүлдей нәзік Рабиғаның айдалада жалғыз қонған қойшы әкесінің үйіне мектеп директорымен осы қазаға қатысы бар делінген жандар барған сәттегі трагедиялық тұсын суреттеуіңіз үлкен прозаның аңсары. Көзбен көргендей әсер етіп, жүрек ұлып қоя береді.
Рабиға ғашық болатын сырты жылтыр, іші бықсық Мадрид есімді жігіт, ол тәрізді тоғышарлар, жаны қарау надандар қазақта зорая көбейіп алған. Олар қазір дес бермейді. Осыған келісесіз бе, Серік аға? Оның бөтен есімі тексіздік өршитін теріс нышанды білдіреді. Сондай жат жерлік есімдер де сұмдық көбейген. Мадрид Рабиғаның жас өліміне селт етпейді. Бірақ повес астарында Мадридтің осы құрбандықтан түбі құтылмайтыны, обал жібермейтіні, өмірде опық жеп тынатыны сезіледі. Не алған әйелі жаман болар, не болмаса басқа қырынан ілігер, әйтеуір, Мадрид сұм оңбайды.
Аталы сөзді тек Дәулет деген үлкен кісі айтады: «Адамзат баласының ең ділгір нәрсесі – махаббат емес пе? Мадрид шырағым, сен оның – Рабиғаның махаббатынан неге қорықтың? Неменесіне ат-тоныңды ала қаштың? Роза қалқам, сен сол қыз баланың бір жапырақ хатын құбыжықтай көріп, неден шошындың?». Қазақ ұлттық тамыры, ата дәстүрінен ауытқуы, мектептегі жалған идеология беймезгіл трагедияға әкелді. Әйтпесе, ғашықтық хаттар бұрынғының салты болатын.
Әлеуметтік астары айқын дүние болуымен бұл повес құнды. Қолдан жалған құса жасалған жоқ. Сол кезеңнің уытты мәселесіне айналған соң туған жазушының жан айқайы. Рабиғаның жауапсыз сүйіспеншілікті, ұятты желеу етіп, өзіне-өзі қол жұмсауы советтік атеистік тәрбиенің кесірі деп ойлайсыз ба? Қызғалдақтай әдемі қыз баланы аман алып қалуға болмады ма?
– 1973-1979 жылдары мен Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы «Құмжиек» совхозының орталығында орын тепкен №92 қазақ орта мектебінде әуелі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, кейінірек мектеп директорының орынбасары болып қызмет істедім. Сол кезде аталған мектепте «Рәбиғаның махаббаты» повесінде суреттелетін оқиғаларға ұқсас бір жағдай болған-ды. Бұл – 1970 жылдардың екінші жартысы еді.Алайда ол кезде осы оқиға кейінірек мен жазатын бір шығарманың арқауына айналады-ау деген ой менің үш ұйықтасам түсіме кірмеген жай болатын. Әрине, барлық мектеп мұғалімдері мен адал ниетті ауыл адамдарын жаңағы біздің мектепте орын алған қайғылы оқиға бей-жай қалдырған жоқ, бәріміз де ойда жоқта мектеп жанындағы интернатта жатып оқитын жап-жас қыз баланың қазасына қайғырдық, өкіндік. Алайда уақыт емші бәрін де жазады ғой, кейіннен арада біраз мезгіл өткенде біз бұл оқиғаны мүлде ұмыттық. Мен жұмыс бабымен 1980 жылы Алматы қаласына ауыстым.
1980 жылдардың ортасында неге екені белгісіз араға он шақты жыл салып барып менің осы жай есіме жиі түсетін болды. Сүйтіп күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалдым деп тым әсірелемей-ақ қояйын, бірақ мен осы оқиғаны өзімнің ақ қағаздың бетіне түсіруге міндетті екенімді айқын сезіне бастадым. Осылайша аталған туынды өмірге келді.
Советтік басқару жүйесінің қарапайым еңбекші қауымның әлеуметтік мәселелерін шешуде кейбір озық жақтары да, сонымен бірге тозық жақтары да болды. Тозығы – бұл жүйе ұлттар мен жеке адамдардың дамуын үнемі шектеп, қырағы бақылап отырды, оларға еркіндік бермеді. Қоғамдағы адамгершілік қарым-қатынастардың нормасын белгілі бір қатып-семіп қалған коммунистік-большевиктік рамкаларға салып тастады. Осы рамкаға сай келетін адамдар ғана мемлекет пен қоғамның құрметіне бөленді, солар ғана мансап баспалдақтарымен жоғары көтеріле алды. Әдетте мұндай мүмкіншілікті әруақытта да пысықайлар құр жібермейді ғой, олар кез келген қоғамдық-әлеуметтік ситуацияларға тез бейімделіп ала қояды, сол жолда ешқандай обал-сауапқа қарамайды, тіпті кісілердің өлігінен де шімірікпестен аттап жүре береді. Адамзат қоғамын осы уақытқа дейін жебір құрттардай сорып, оны үнемі ала тайдай бүлдіріп келе жатқандар – осындай пысықтар мен пысықайлар. Олар, әдетте, жағымпаз, екіжүзді, тек қана өзінен күштілерді ғана мойындайтын, соларға ғана өтірік құлшылық ұратын пенделер болып келеді. «Рәбиғаның махаббатындағы» Мадрид – сондай жан. Рәбиға соның аярлығының, екіжүзділігінің, қорқаулығының құрбанына айналады.
Рәбиға – әлі, қазақша айтқанда, он екіде бір гүлі ашылмаған, аңғал, жан дүниесі көктемгі ашық аспандай соншама мөлдір, періште тектес жас бойжеткен. Сондықтан да ол Мадридті ешқандай бір ішкі есепсіз жан-тәнімен құлай сүйеді. Ал сүйткен адамы оны сатып кеткенде, онымен қоймай Рәбиғаның өзіне жазған ғашықтық хатын мектептегі қыздар советінің төрайымы Роза Қасымхановаға апарып бергенде, ол адам жаны төзгісіз зор күйзеліске, стресске ұшырайды. Осыншама опасыздықты, надандықты оның көктемгі бәйшешектей құлпырған нәзік жаны көтере алмайды, сондықтан сірке суын ішіп, бақи болады. Сөйтіп өзі білместіктен құлай сүйген бұл дүниенің осыншама лас, осыншама жексұрын бір пендесінен, бір шындығынан мәңгі бақи құтылып, ғазиз жаны тыныштық табады.
Қадірлі Айгүл, Сіз өз сауалыңызда «Қызғалдақтай әдемі қыз баланы аман алып қалуға болмады ма?» депсіз. Нәзік жанды Сіздің ақ ниетіңізді мен адам ретінде түсініп отырмын, маған салса да Рәбиғаның аман қалғаны әлдеқайда жақсы болар еді, бірақ өзіңіз жақсы білетіндей, жазушы ең алдымен өзінің симпатиясы мен антипатиясына, эмоциясына емес, өмір шындығына бағынуға тиіс қой. Ф.М.Достоевский айтпақшы, «Шындық А.С.Пушкиннен де, Н.А.Некрасовтан да, орыс халқынан да, тіпті Россиядан да жоғары, сондықтан да қанша ащы болса да тек ақиқатқа, шындыққа бағынып, соған ғана жүгінуіміз қажет» емес пе.
– «Қалқаш» – автобиографиялық сарындары айқын реалистік әңгіме. Тұнық, жанды киносценарий, керемет мазмұнды көркем фильм шығар еді. Жазда пішен шабуға шыққан төрт бала алғашқы өмір сабағын алғандай әсері бар. «Көздеріміз аш бөлтіріктің қомағай қос жұлдызындай жылтырай түседі», бұл шөп шабушы балалардың ас пісіп жатқан сәтті күтіп отырған сәті. Жас жігіт, тракторшы Қалқаш пен «итбалықтың күшігіндей балпанақтай» балалы жас келіншек Кенжегүлдің тыйым салынған махаббаты бейнеленген повесте ауыл тұрмысының небір қалтарысы мен көлеңкесі бар. Кенжегүлдің сүймей шыққан топастау күйеуі сиыршы Торша – ожар, маскүнем. Қазақ ауылдарынан арылмайтын типтік отбасының сиқы. Сұлу келіншекке бұйырған мардымсыз сорлы күйеу. Ал ерлердің отбасындағы жетекші рөлі құлдырауы кез келген халықты түбі құртып тынады.
Негізгі лейтмотив – жасөрім ұл баланың сезім дүниесі сырын енді аңғара бастауы, әйел сұлулығына алғаш сұқтануы әрі жан адамға мойындауға болмайтын алғашқы құштарлықтың таңғы шықтай жалтылдаған нышандарын өз бойларынан тануы. Кенжегүлге Еркін ғана емес, ұлдардың бәрі шетінен ғашық, суға түсетін мезет мұны айғақтайды.
Айлы түнде қос ғашық аз мерзім шынайы бақытқа бөленді: «Тек сол тым-тырыс дүниенің күміс нұрын екіге жарып, Қалқаш пен Кенжегүл бара жатыр».
Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілегінде» бір кемпірдің аты ....шалдікі болатын. Қазақы дәстүрмен ырымдап, бұл жігіттің есімін Қалқаш қойған.
Таскене атанған бала кітапты көп оқиды, эстет.
Құндақтаулы баласы бар жас келіншек қос жаққа құлази қарап, теңселе басып, қара күш иесі досын ертіп, жанжал шығарып, қуа келген маскүнем күйеуіне еріп кетуге мәжбүр болғанын екі бала байқап, қиналып, оның буырқанған теңіздей аласұрған ғашық жанын түйсініп тұрады.
«Қалқаш» – ауылдың тұйық судай, сұрықсыз, нәрсіздеу, жаны сүймеген қораш адаммен өмір сүруге басы байлаулы шерменде, бағы жоқ әйелдерінің тағдырына нала тәрізді әсер етті. Қалқашпен қол ұстасып кетуге болмайды, есік көрген аты бар Кенжегүлдің бәрібір бағы жанбасы аян. Қалқаштың шешесі неге жынды кемпір атанған? Ол зікір салады, бақсылыққа қатысы бар ма? Қалқаштың өміріне осы бақсылықтың ұшы тиіп тұрған жоқ па?
– «Қалқаш» повесінің кейбір автобиографиялық сарындары бары рас. Жалпы айналып келгенде, барлық жазушылар ең алдымен өзін, өзінің жан дүниесін, сонан соң айналасын жазады ғой. Сондықтан да әрбір суреткер өмірге әкелген кейіпкерлерінің әрқайсысына өз жан дүниесінің бір бөлшегін береді, сонда ғана ол персонаждарын тірілте алады. Осыдан шығарып айтсақ, Бовари ханым қазаға ұшырағанда Флобердің «Бұл – мен ғой!..» деп, еріксіз еңіз-теңіз болуы тегіннен тегін емес.
Айгүл, мен сіздің: ««Қалқаш» маған ауылдың тұйық судай, сұрықсыз, нәрсіз,сүймеген қораш адамдармен өмір бойы бірге өмір сүруге басы байланған шерменде, бақсыз әйелдерінің тағдырына нала тәрізді әсер етті» деген пікіріңізге толық қосыламын. Шынында, қазақ қоғамында осындай қаншама мыңдаған әйелдер бар. Олардың да басқалар секілді бақытты болуға хақылары бар еді ғой, бірақ тағдырлары басқаша қалыптасты. Неге? Оған кім кінәлі?
Көркем әдебиет, өзіңіз жақсы білетіндей, қоғамдық, әлеуметтік мәселелерді шешіп бермейді, оны тек басқалардан бұрынырақ аңғарып, қоғамның, әлеуметтің алдына үлкен сұрақ етіп қояды, сүйтіп жұрттың назарын соған аударады емес пе. Мен де аталған повесте Қалқаш, Кенжегүл, Торшаның тағдырлары арқылы осы бір әлеуметтік, адамгершілік проблемаға шамамның келгенінше көпшіліктің назарын аударуға тырыстым.
– «Шер тарқату» әңгімесінде орысты паналау деген ойдың жүргені рас. Бірақ бұл автордың аңсары емес, шығарманың басты кейіпкері Көмекбайдың ойы. Меніңше, аулындағы жемқор қазақ атқамінерлерінің әбден қорлығы өткен оның қысылғанда: «Осы ерегескенде Ресейге көшіп кетсем бе екен?!.» деп толғануын түсінуге болатын сияқты. Көмекбай түгілі надан қазақ атқамінерлерінен таяқ жеп, алтын басы қор болған тұста данышпан Абай да басқа елге қарасын батырмақшы боп, астындағы атымен өз елінен безбек болған жоқ па еді?!. Ұлы ақынымыздың сонда қай елді паналамақшы болғаны «Абай жолы» романында айтылмайды. Ал басына ат белін қайыстырар ауыртпашылық түскенде ең алдымен Көмекбайдың есіне Ресей түседі. Несі бар, әбден қисыны бар ой. Өйткені дамыған мемлекеттердің ішінде Қазақстанмен шекаралас жатқан жалғыз ел – осы Ресей ғана, анау мұхиттың арғы жағындағы Америка Құрама Штаттары, немесе қиырдағы Франция, Германия жайлы Көмекбай тіпті армандай да алмайды, ол жаққа көшуге, біріншіден, оның қаржысы жоқ, екіншіден, тіл білмейді. Ал Ресей болса, жанында тиіп тұр, тракторының тіркемесіне дүние-мүкамалын тиеп алып, кеденнен әрі асса, жетіп жатыр, әрі әжептәуір орысшасы да бар, сондықтан ол бұл елге сіңісіп кетермін деген үмітте. Мен, шығарманың авторы ретінде осылай ойлаған едім.
– «Қазақ повесі» атты монография жаздыңыз. Прозаның шағын жанрындағы шығармаларды талдайсыз. Осы әңгіме-повестердің ішінде қаншалық типтік кейіпкерлер бар? 1960 жылы әдебиетке келген буыннан соңғы буындарда қазақ әдебиеті тоқырады деген пікірге келісесіз бе?
Халық пен әдебиет егіз. Халық әдебиетсіз ешқашан болмайды. Классикпін дейтін кейбір жазушылардың әдебиетті өзімен тұйықтауы нені білдіреді?
– «1960 жылдары ұлттық сөз өнерімізге келген буыннан кейін қазақ әдебиеті тоқырап қалды» деген тұжырымға келіспеймін. Мойындаймын, ол буынның өте тегеурінді болғаны рас, тіпті оларды ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі бір құбылыс десек те жарасады. Алайда, Құдайға шүкір, одан кейін де ұлттық әдебиетімізде қадау-қадау талай таланттар, дарындар келді. Әсіресе қазіргі қазақ поэзиясы дүниежүзілік көркемөнердің ең биік деңгейлеріне дейін өсіп, үлкен сапалық өзгерістерге ұшырады.
Жалпы, қазақ сөз қонған халық қой, бәріміз жақсы білетіндей, көркем сөз – көркем ойдың көрінісі. Ендеше қазақты әлемдегі ойшыл халықтардың бірі десек, ақиқаттан онша алыс кетпейміз. Меніңше, халқымыздың мұндай ерекшелігі оның үнемі табиғатпен етене өмір сүрген номадтық өмір салтынан шығатын сияқты. Ендеше адамзатта көшпелілікті ең соңғы болып аяқтаған туған халқымыздың сөз өнеріне деген іңкәрлігі оның дәстүрінде, қанында бар қасиет. Ал осындай ұлттың көркем әдебиеті, иншалла, ешқашан суалмаса керек.
Қадірлі Айгүл, сөз соңында менің азды-көпті шығармаларыма ілтипат білдіріп, оларды білгірлікпен талдағаныңыз үшін өзіңізге тағы рахметімді айта отырып, ой-толғаныстарымды осы арадан аяқтағанды жөн көріп отырмын.
Қабылан ақпараттық порталы
What's Your Reaction?