Ерболат Әбікен: Абайды әлем таниды деп өзімізді алдаудың қажеті жоқ...
Біздің жұрт әрқандай саланы көз алдына көрінген пайдасымен, тез көрсеткен нәтижесімен өлшейді. Әдебиет – ауа мен су сияқты көзбен көріп, қолмен ұстауға келмейді. Беріп жатқан пайдасын да бірден аңғара алмаймыз.
– Қазір қазақ прозасы өз сыншысын таппады ма, әлде сынауға тұрарлық дүние жазылмай жатыр ма?
– Біздің жұрт әрқандай саланы көз алдына көрінген пайдасымен, тез көрсеткен нәтижесімен өлшейді. Әдебиет – ауа мен су сияқты көзбен көріп, қолмен ұстауға келмейді. Беріп жатқан пайдасын да бірден аңғара алмаймыз. Ауа мен судың қадірін білмегеніміз сияқты әдебиеттің де қадірін біле алмаймыз. Мұндай қоғамдық рөлінен айрылып, қадірі қашқан дүниенің шырақшысы болудың не қажеті бар? Мұндай қоғамда сыншы болуға негіз жоқ... бұл мәселенің бір жағы. Басқа бір ракурстан қарайтын болсақ, дәл қазір, сын жанры ғылым ретінде биік деңгейге көтеріле қоймады. Оған себеп – қоғамдық санадағы өзгерістер, оның ішінде құндылықтардың ауысуы әсер еткен секілді. Кеңестік кезеңдегі комунистік идеологияның қағидалары ғылым, саясат, спорт, әдебиет – жалпы барлық саланың негізгі өмірлік философиясын ұстап тұрған үлкен тұғыр еді. Яғни, құндылықтар нақты, көзге көрініп, қолға ұсталынып тұрды. Коммунистік идеологияның кейбір келеңсіздіктерін байқаған ғалымдар немесе жазушылар оған қарсы ізденіс жасай отырып, басқа да өмірлік ақиқаттарды аша бастады. Проблемаға басқа қырынан қарай келе, жаңа тақырыптар, формалар игерілді. Ол дәуір жойылып кетіп еді, адамдардың өмірлік ұстанымдары бірге жоғалғандай болды. Қазір сынды қолға алғысы келгендер қай шығарманы қай өлшемге салып сынарын білмей басы қатуы мүмкін. Бір жағынан қазақ әдебиеттану ғылымында сын теориясы мен методикасының нақты қалыптасып, сыншыларға бағыт-бағдар көрсете алмауынан да шығар. Бізде тек «әдеби сын тарихы» ғана дамыды деуге болады. Өз басым сынауға тұрарлық дүние жазылып барып, сын содан кейін туады дегенмен келісе алмаймын. Сыншының міндеті көркем дүниені сынау емес. Көркем дүниенің ақ-қарасын айыру. Артығын айтып, кемін толықтыру. Әрине, бір шығарманы быт-шыт қылып сынау оңай. Оның артықшылығын айтып мақтай білу де қиын емес. Тек тәй-тәй басқан жас жазушының, көзге көрінбейтін мықты жақтарын тауып, ол жазушыға жол көрсете алсаң мықтысың. Сын көтермейтін шығармалар бар. Оған бола қолға қалам алып, сөз шығындаудың еш қажеті жоқ. Әдебиет – өмірдің үзіліп түскен бір бөлшегі. Демек өмір бар жерде – әдебиет бар. Қай қоғамда да тақырып таусылған емес. Ол тек жазушының талантына байланысты. Ал сынаушы немесе сыншы шығарманы сынауға тұрарлық не тұрарлық емес деп бөліп-жарып жатпай, ақ-қараны ажырату үшін барлық шығармаға «бұл туынды өмірдің қай ақиқатын ашты екен?» деп қарауы керек секілді...
– Тәуелсіздік жылдарындағы проза әдебиетке не әкелді, не жоғалтты?
– Тәуелсіздіктің келу-келмеуі жазушының шығармашылықпен айналысуына әсер етпеуі керек еді. Себебі жоғарыда айтқанымдай, адам баласы өмір сүрген қай қоғамда да тақырып аясы таусылған емес. Өткен жазда бір ай Қытайда болдым. Комунистік қоғам, тып-тыныш өмір, жазарға тақырып жоқ деп ойлаймыз ғой. Тек саясатына бас сұқпай-ақ, қарапайым жандардың тағдырларын зерттеп қарасаң, тұнып тұрған тақырып, тұнып тұрған сюжет, көркем прозаның ұлы кейіпкерлері түгел сол жақта екен. Қазақ өмірінің жаппай өзгеріске ұшырауы, рухсызданып, өмірдің мәнін тек материалдық құндылықтармен өлшей бастауы, бір әулеттің құрдымға кетуі ғаламат материал ғой! Соған қарап, Кеңес үкіметіндегі кейбір ағаларым өмірдің ішкі мәніне жазушылық көзбен үңіле алмады ма екен деп қалдым. Ол кезде қатал цензураның еркіндік бермегені рас. Соған қарамастан, тәуелсіздік алғалы өткен 30 жылға жуық уақыттың ішіндегі әдебиеттің берген жемісі, ең болмаса 60-90 жылдарыдағы әдебиеттің берген жемісімен салыстыруға келмейді. Кеңес үкіметінің май шелпегі таусылған соң, біздің әдебиет аштыққа ұшыраған халықтай тоз-тозы шықты. Содан әлі де бойын тіктей алмай келе жатыр. Керек десеңіз, Қазақстандағы қазақ кітаптарының сатылымы мен орыс не ағылшын тілді кітаптардың сатылымына статистика жасап көріңіз. Капиталистік қоғамның тартысына үйрене алмаған кейбір әдебиетшілер не істерін білмей қалды. Білуімше, Ұлыбритания секілді елдерде жазушылар сатылған кітабының қаламақысымен шалқып өмір сүреді екен. Тәуелсіздіктен кейін әдебиетте қысқалық, дәлдік, формалық жаңашылдық пайда болды. Идеологияның шырмауынан құтылған қаламгерлер еркін көсілді. Көбінің ізденістері, жаңашылдыққа деген ұмтылыстары байқалады. Түрлі тақырыптарға барып жүр. Бәрінен маңыздысы – тәуелсіздік. Десе де, ғалымдар көркем әдебиеттен тәуелсіздік идея іздегенін қоймай жүр. «Асан қайғы мен Бұқар жырау шығармасындағы тәуелсіздік идеялары» дегенді тауып алды. Тек қана Асан қайғы мен Бұқар жырау емес, барлығынан тәуелсіздік идея іздейді. Ал ақын не жазушы шығарма жазарда тек тәуелсіздік идеясын паш етуді мақсат етпейді емес пе? «Бұған ғылым кінәлі ме, әлде ғалым кінәлі ме?» деп кейде ойланып қаласың.
-Кей шығармаларды өз уақыты күтіп жатады дейді. Сіздің жазып, қазір оқырманға ұсынар уақыт емес деп қалдырып қойған шығармаларыңыз бар ма?
-Жазушы шығарма жазып отырғанда «Осыным оқырманға ұнар ма екен? Осылай жазғаным дұрыс па? Ғұмыры қаншалық болады екен?» – деп жүрексінетіні шындық. Тіпті қорыққанынан сол шығарманы аяқтамай тастап кететіндері де бар. Бірақ шығарманың құнын сол қоғам немесе сол дәуір оқырмандарының деңгейімен өлшеуге болмайды. Классика – қашан да классика. Көркем шығарманы «мынау 10 жылдан кейін оқылады, мынау 50 жылдан кейін оқылады» деп бөлуге болмайды. Ертеректе маған біреулер «сен бүгінгі қоғамды жаза бермей, болашақты жазсаңшы», – деген. Көркем шығармаға болашақта оқылатын шығарма деп ен сала алмаймыз. Жазғаның болашақта оқылады деген сөз – қазір де оқылады деген сөз. Мәселен, Абай атамыз бұрын да оқылған, қазір де оқылып жатыр, болашақта да оқылады. Өйткені, ол – классика. Чеховтың мықтылығы қай ұлттың тіліне аударсаң, сол ұлт шығарманың ішінен өзін, өз қоғамын көре алады. Бұл классиканың белгісі деген сөз. Менің сорым – жазудың соңына түсіп, жоспарлап, мақсат қойып, жазушылыққа ғашық боп жазып жүрмегенім. Базардан картоп, дүкеннен қант алып тұрсақ достарым сатушыға «Мынау – жазушы» деп құдды бір, барахолкада нәски сататын адамды таныстырғандай таныстырып жатады. Қатты қысыламын, бұл өзі кімге керек? Шындықты айту керек қой. Десе де, бұл сұраққа, аздап жауап бере кеткім келіп тұр. Бұрынғы жазғандарым, аракідік жазылған дүниелер. Қалдырып қойған, жыртылған шығармалар бар. Олар салыстырмалы түрде, өзіме аса ұнамағандары. Сегіз жыл бұрын жазылған, 22 беттік балаларға арналған «Тас батыр» деген ертегім бар. Біреулерге ұнаған соң айтып отырмын. Сол басылым көрмеді. Ұзын сонар ертегі кімге керек? Өзім де құлшынбадым. Үш пьеса жазғанмын, екеуін жеке сыншыларым (қолжазбамды қадағалайтын сыншы достарым) «былжырақ» деді. Оның көзін құрттым. Үшінші пьесамды әлгі жеке сыншыларым «сәтті шыққан дүние» деді. Өзім театрға көп бармағандықтан, көп пьеса оқымағандықтан баға беріп ауыз аша алмаймын. Сол пьесасымағым сақтаулы тұр. Жариялауға асықпаймын. Оның прототиптері – әдебиет әлеміндегі белгілі, ықпалды адамдар. Оны оқып, «Ойбай, көзін құрт! Шипаң бітеді», – дегендер де болды. Ал болашақта жазам деген шығармалар миымда құжынап жүр. Күніне бір әңгіменің сюжеті миымды мұжиды. Кейде екі-үшеу. Оған уақыт қайда? Маған тыныштық керек. Ештеңеге алаңдамай, көңілді жүрсем, жазатын әдетім. Біреулер күлер, ақиқаты – сол. Жазсаң ақша құйылып тұратын Джек Лондонның, Бальзактың, Мопассанның, О.Генридің заманы болса бір сәрі. Олар жазбаса, аштан өлетін еді ғой! Ал қазір жазсаң –аштан өлесің. Әлгі айтқан әңгімелерді дер кезінде қағазға түсіре алмаған соң артынан ұмытып қаламын. Ал кей шығармалар мида ұзағырақ пісуі керек! Адамның миы оттағы қазан сияқты, шығарманы күйгізіп не шикі қып алмай дәмділеп пісіруі тиіс. Кейбір көрген, естіген дүниелеріңді 10 жылдан соң «Мынау әңгіменің материалы екен ғой» дейсің-дағы қағазға түсіресің. Мәселен, «Елу теңге» деген әңгімемде көрген оқиғамды 9 жылдан соң жазыппын. Ол кезде жазам деп ойлаған жоқпын. Абитуриент кезім, өзімнен кейінгі інім екеуміз түнделетіп таксиге отырдық, жеткізген соң «Жігіт емессіңдер ме? Елу-ақ теңге ғой», - деді де, 50 теңгемізді қайтармай қойды. «Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» деген бар ғой. Олар 50 теңгеге бола сақалдарын ортаға салды. Бар-жоғы осы. Қалған оқиғалар түгел ойдан шығарылған. Студент кезімде барахолкадағы бір достарымның жалдамалы пәтеріне бардым. Іші – ит байласа тұрғысыз. Ішке еніп, тақтайдан құрастырып жасаған, төсек-сымаққа отыра бергенімде қожайын әйел (өзге ұлт өкілі) кіріп, менің келгеніме бола реніш білдірді. Аналар 100 теңге беріп еді, жайына кетті. Дәл сол кез ойыма әлгі әңгіменің сюжеті келді. «Жігіттер, менің ойыма бір әңгіме келіп тұр. Сендер туралы жазамын», – дедім. Газетке публистикалық мақалам шығып жататынын олар білетін. «Әй, мақалаңа атымызды қосып жіберіп масқара болмайық» - деп, олар азар да безер болды. Екі-үш күннен соң, өзім тұратын ҚазҰУ-дың 17-жатақханасындағы бөлмемде тыныштықты пайдаланып, екі сағатта қағазға түсірдім. Екі жігіттің орнын жас жұбайларға алмастырдым да, бірінші жақпен баяндадым. Елдер «Өз басыңнан өткен бе?» – деп сұрай берген соң, кейінгілерді үшінші жақпен жазуға тырыстым. Бірақ кей әңгімелер бірінші немесе үшінші жақпен жазуды сұранып тұрады. Ол кезде қатты қиналамын. Сол кездерде, тапжылмай отырып тез-ақ жазушы едім. Қазір жалқаумын. 4-курстағы кезім, сабақ үстінде Күләш Ахметова деген ұстазымыз маған: «Ерболат, желтоқсан оқиғасы туралы әңгіме жазып көрсеңші», – деді. Құдайдың құдіретін қараңыз, тап сол мезгіл санама «Желтоқсан ызғары» әңгімесінің сюжеті орныға қалмасы бар ма? Кейін қағазға бұрқырап түсті. Үлкен ғалым түрткі сап тұрған соң, ештеңе ойламай сенімділікпен жазады екенсің. Бағасын оқырманға қалдырдым. Екі жыл бойы, қу тірлікпен жүріп, ештеңе түртпей кеткенмін. Біраздан бері ұзынсонар екі әңгіме (екі-үш әңгімені қабаттастырып жазатын әдетім) жанымды жеген соң, жазуға отырдым. Миымда бәрі төгіліп-ақ тұр. Өлшеп-пішулі, ештеңе кедергі емес, бірақ қолым жүрмейді. Ойымда тұр, ерінемін. Адам үздіксіз жазбаса қарайып қалады екен. Бокста «6 ай тынбай дайындалып, 15 күн боксты тастап кетсең, бәрі құрдымға кетеді» дегенді боксшылардан жиі еститінмін. Проза да спорт сияқты екен.
– Қазір прозаиктер бейнелеу, суреттеулерден гөрі динамикаға негізделген әңгімелерге әуес. Бұл әлем әдебиетіне икемделеміз деп өз тіліміздің шұрайлылығын жоғалтып алуымызға алып келеді деп ойламайсыз ба?
– Мүлдем ойламаймын, қайта қуанамын. Біздің әлем әдебиетіне еніп кетуімізге кедергі болған көп факторлардың бірі – сол тіл шұрайлылығын сақтаймыз деп қатып қалуымыз деп ойлаймын. Әлемді көшпелі ғұмырдың философиясымен танып келе жатқан қазақтың ұғымдары өзге тілдерге аударылмайды. Талант еліктеуден басталады. Әлем әдебиеті классиктерінің бізден әлдеқайда биік тұрғанын ескеруіміз керек. Аударманың бізге орыс тілі арқылы жететіні баршамызға мәлім. Осы үрдістен алып қарағанда оқырмандар екі түрлі болады. Бірі тек түпнұсқаға жақындау орыс тілінен ғана оқитындар. Екіншісі, орыс тілін жақсы біле тұра, аудармадан (қазақ тілінен) оқитындар. Себебі, мықты аудармашылар әсіресе жазушылар аудармаға, тілдің мәйегін сіңіріп жібереді. Бізде ғажап аудармалар көп. Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Қалиқан Ысқақов, Әбіш Кекілбаев, Дулат Исабеков, Дидахмет Әшімханов, Бексұлтан Нұржекеев, Б.Омаров (тізе берсек көп) қатарлылардың аудармалары қандай көркем. Қазақ әдеби тілінің сөлін сығып береді. Жақында Бексұлтан Нұржекеев ағамыз аударған Г.Мопассаның «Сүйкімді дос» романын сүйсініп оқып шықтым. Визитканы – өздерек, редакцияны – саралқа деп аударған. Тәнті болдым. Бір қонағасыда кездесіп қалып, сәлем беріп, қолын алып тұрып өзіне айттым. Ағамыз разы болып қалды. Софы Сматаев ағамыздың В.Г.Короленкодан аударған «Парадокс» деген әңгімесінің тілі қандай жатық. Жинақы, ұқыпты. Тіпті үлгі алуға тұрарлық. Темірғали Нұртазинның Гогольден аударған «Тарас Бульбасы» адамды қалай тамсантады. Бұларды оқып тіл жұтаңдайды деуге қалай сенуге болады.
– Суреттеуден қашпау керек дейсіз ғой?
– Әрине, суреттеуден қашпау керек. Суреткерлік – прозаның шыңы дер едім. Мопассанның «Ай қараңғысы», И.Тургеневтің «Орман мен дала», Чеховтың «Ионич» деген әңгімелерін оқысаңыз, ішіне кіріп кеткендей боласыз. Қазақшасын оқыса да, орысшасын оқыса да жазушы әйтеуір бірдеңе алады деп ойлаймын. Біреулер Уильям Фолкнерді суреткер емес деп жүр. Өйтсе қателеседі. Суреткер дегеніміз келсін-келмесін табиғатты суреттей беру емес. Фолкнердің «Сарторис» деген романы бар. Не бары 29 жасында жазған. Ғалымдарға беріп ем түсінбеді. Ал жазушыларға ұсынып көріп едім таңдай қақты (жазушының көзімен оқитын шығарма). Бір әулет адамдарының алған бетінен қайтпас қайсарлығы, өлермендігі, қасқыр мінездігі, көкбеттігін, тәуекелшілдігін тамаша алып шығады. Керек жерінде қысқа ғана жүрекке жететіндей етіп сөзбен сурет салады. Жүрегің еріксіз дір етеді. Кейбір жазушылар тілді түсінбейді. Түсінбеген соң келсін келмесін бояу беріп, баттастырып артық сөз шығындайды. Әңгімені романның техникасымен жазып жүргендерді де көрдім. Бұл жерде ұзын жазу кемшілік дегенім емес, мықты жаза алсаң – ұзын жазу үлкен өнер. Ұйқас – поэзияның бірінші баспалдағы ғана. Тіпті жауы болуы да мүмкін. Сол бірінші баспалдаққа шығып алып масаттансаң құлайсың. Ал тоқтамай түйдектеліп, бұрқырап шығатын сөз – прозаның жауы. Сөз деген біреуден сұрап алғандай суыртпақталып, жаныңды жеп шырқыратып отырып әрең шығуы керек. Хемингуэйдің: «Нағыз қырпулы тіл – ауызекі тіл», – дегені бар. Мен сол принципті құп көремін. Өйткені ауызекі тіл жүректен шығады. Оны тек сұрыптай білу керек. Бас жазушымыз Бейімбет Майлин сөзді келсін-келмесін сапырмады ғой. Албаты бояу жағып, баттастырған да жоқ. Сол кездің ауызекі тілімен жазды. Ал бүгінгі ұрпақты шұбыртпалы сөзбен тіпті де таңғалдыра алмайсың. «Диалектіден қашпау керек! Ол тілдік қорды байытады» - дегенді де, Хемингуэей айтады. Орта жолдан қосылған, ресми (ауыру) тіл болмаса, диалекті де прозаға керек сияқты.
- Бүгінгі таңда заманның, уақыттың салмағын көтете алмай шығармашылықтан алыстап кеткен ақын-жазушылар көп сияқты. Бұның да бір шешімі болу керек қой?
- Дұрыс айтасыз. Мен бір жігітті білем. Алла Тағала оның басына үлкен талант беріп еді. Суретші, мүсінші, ақын, жазушы еді. Және бірегейі болатын. Есейе келе соның бір саласын ұстанып, нәтиже шығарады деп ойлайтынмын. Үмітім селге кетті. Оқу бітірді де далада қалды. Ешкімнің есігін қаққан жоқ. Ешкім «кел!» - деп шақырмады. Турашыл, адал адам. Сүмеңдеп есік жағаламайды екен. Ерте үйленіп, көп балалы болған. Ол кезде Алматыдағы пәтер мәселесі қиын еді. Ауылға кетті де, бәрін тастады. Жазуға ешбір себеп жоқ болатын. Ешкім қаламақы төлемесе, ешкім маңдайынан сипамаса не үшін жазады? Мақтаншақ болғанда бірдеңе жазар ма еді? Құранда «ғапылдық» деген сөз бар. Мағынасы тым жаман. Мына заман, ғалам – түгел ғапылдыққа ұшыраған заман. Біреуге біреудің жаны ашымайды. Талантты бағаламайды. Әркім өз руласын, өз жерлесін жарылқаған заман. Елдің бәрі талантты кекілінен танып, қанатының астына алатын Шерхан Мұртаза емес қой. Әттең, Шерағаң ұлы ғой! Сәждеге басы тиген ағамыздың Алла еңсесін түсірмеді.
Бірақ мұның шешімі де бар. Шетелде, соның ішінде Батыста жазушылардың жағдайы жақсы. Өйткені қалыптасқан үрдіс солай. Оларды мемлекет жарылқап отыр деуге келмейді. Оларды өз оқырмандары асырайды. Ал біздің дәл қазіргі жағдаймызды алып қарағанда, мемлекет тікелей қолдау керек. Қаламақы деген болу керек. Қаламақы мәселесін қозғап жүрген екі жазушыны білем. Бірі – Сұлтанәлі Балғабаев, екіншісі – Роза Мұқанова. Сол үшін бұл кісілерді руханияттың жанашырлары деп есептеймін. Адам рух пен денеден тұрады. Ғылым-техникамыз дамымай, біз дамымаймыз. Бірақ ғылым-техниканың даму шегі бар. Бір күні тоқтайды. Ол рухтың қажетін қамдай алмайды. Тек дененің қажетін ғана орындайды. Ал рухтың қажетін руханият қана қамдайды. Әдебиет – соның бір бұтағы. Осыны ескермей келеміз. Түбінде мұның зауалын тартамыз. Достоевскийдың «Адамдар әбден азғындаған кезде, әдебиетті қайтадан іздейді», –деген сөзі бар. Бұл да ақиқат сияқты. Ал әдебиетті қолдауға елдің жағдайы қаптал жетеді. Итке сүйек тастаған сияқты ғана дүние. Ал сүйек-саяқ онсыз да далаға тасталып жатыр.
-Тәуелсіздік тұсында әдебиетке келген буынның шығармашылығының көбін «күңгірт, түсініксіз жазады» деп жиі талқылап жатады. Мүмкін олар авангрдтық шығармалар шығар. Сіз қалай ойлайсыз?
– «Ұлылық – қарапайымдылықта». Мұны Лев Толстой айтқан. Қарапайым жазу қашан да қиын. Қай боксер мықты болса, сол нокаут жасайды. Қай палуан күшті болса, алып ұрады. Әлсізі әдіс қолданады. Шалады, тістейді. «Қожа пышағымен қорқытады» деген мақал бар. Өз таланытына сенбегендер «біз күрделіміз» деп ақталады. Күңгірт шығарманың тарихта қалғанын естімеппін. Г.Флобер, Е.Золя, Г.Мопассан, А.Чехов, Л.Толстой, О.Бальзак, Э.Хемингуэей, Бейімбет, Абай, Мұқағали, Қасым, Төлеген... Қарапайым ба? Қарапайым! Ал көркем шығармадағы адамды ойлантатын тереңдік, ол – басқа. Мықты болсаң, Омарғазы Айтанұлы секілді терең жаз. Ол үшін әуелі Омыкеңдей ұшан-теңіз білім болу керек. Омыкеңді оқысаң ойланасың. Адамды ойланта алған шығарма – ұлы шығарма. Біз көбінде, көркем шығармадан тәрбие іздейміз-дағы, оны коммунизмнің құралы етіп көрсетіп алдық. Сөйтіп қаламгерлердің кейбірін адастырып жібердік. Көркем шығарма адамды ойлантса болды, оған өнер ретінде қарауға тиіспіз. Мәселен күйді алайық. Қай күйде мәтін бар. Күйден «үлкендерді сыйлаңдар, жолын кесіп қимаңдар!» – деген әуен естілмейді ғой! Жақсы күй, әсіресе, шертпе күй адамды ойлантады. Тыңдайсың-дағы рухың сергиді. Сол үшін де Кеңес үкіметі шертпе күйге жау болған. Конфуцийдың (Куңзы) «Музыкасы адамды еліртіп билететін ұлт – оңай жойылатын ұлт, музыкасы адамды ойланта алған ұлт – жойылмайтын ұлт» деген сөзі бар. Омарғазының поэзиясы әне сондай, поэзия адамды ойлантады.
-Осыған дейін «Бейімбеттің мектебі», «Әуезовтің мектебі» дегенді еститінбіз. Қазіргі қаламгерлер сол сүрлеуден аса алмады ма, әлде өз мектептерін қалыптастырған қаламгерлер бар ма?
-Осылай бөлу өзі дұрыс па екен? Қазақ жазушыларының көбі Әуезовке еліктегені, одан үйренгені шын. Көбісі Әуезовке тән жазу формасын, ондағы кең құлаштықты қабылдады да, ары қарай дамыта алмады. Көлеңкесінде қалып қойды. Бұл үрдіс ұзаққа созылды, әлі де біразға дейін жалғаспақ. Дегенмен Әуезовтен үйрене жүріп, басқаша форма тауып кеткендері де болды. Бейімбетке келсек, ол Алла тағаланың қазаққа бере салған бағы ғой. Мені Бейімбеттен үйрендің дейтіндер бар. Қателеседі. Осыған дейін мен Бейіметті түсіне алмаппын. Бейімбет қарапайым жазғанмен өте астарлы жазады. Оның шығармасын жас бала құнығып оқи қояды дегенге сенбеймін. Оның үстіне бала кезімде Бейімбеттің «Шұғаның белгісінен» басқа шығармалары қолыма түсе қоймады. Студент кезімде де жартылай оқыдым. Шынымды айтсам, онша місе тұтпағанмын. Қандай масқаралық деші. Осы екі жылдан бері құнығып оқи бастадым. Қарапайым болғанмен қандай шебер, тілі қандай көркем. Жұтынып тұр ғой! Жазу техникасы қандай мықты. Әңгімені қалай қиюластырады. Бұлай жазу – қиынның қиыны. Бейімбеттей жазушы қазақтан енді туа ма, тумай ма білмеймін. Өкініштісі, ерте солды. Анығы солдырылды. Өзін толық бере алмай кетті, көп шығармасын аяқтай алмады. Идеологияның құрсауынан құтыла алмады. Мен Бейімбетке енді кірдім. Бұдан кейінгі жерде одан құныға үйренемін. Қазір әлемде ең мықты жазушы Чехов деген сөздер жиі айтылып жүр. Бұл пікірмен толық келісемін. Әлемде ең көп қойылатын да Чеховтың пьесалары. Тіпті Толстойдың өзі Чехов бір әңгімесін дауыстап оқып бергенде сұңқылдап жылайтыны бар ғой! «Чехов менен де шебер» дейтіні тағы бар. Бейімбеттің жазушылық қуаты, мүмкіндігі сол Чеховтан артық болмаса кем емес болатын. Тек азапқа толы тағдыры, қызыл қоғам, түрме мехнаты, жалған жала, ауылдан аттап шыға алмаған қапастай өмірі оған кедергі болды. Чехов сияқты көп тіл білді дейсің бе? Чехов сияқты руханияты мықты қоғамда еркін жүзді дейсің бе? Чехов сияқты бас жағында үйрене қоятын, әлемді дірілдеткен әдебиеті болды дейсің бе? Әрине мұның біреуі де болған жоқ. Қазақ мұны «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» - деп бір ауыз сөзбен түйіндеген. Ал қазақ әдебиетінде бұдан басқа мектеп қалыптасты деп айта алмаймын. Дегенмен жаңаша жазуға тырысып жүргендер көп. Бұл дұрыс. Әр қандай өнер мейлі басқа сала болсын, өз жаңашылдығымен өміршең. -Бізде жазушыларды екі топқа бөлуге болатын сияқты. Бірі тыныш өз шығармашылығымен айналысатындар, екіншісі шығармашылығымен қатар қоғамда да белсенді жазушылар. Сіз қай топқа жатасыз?
-Иә, біздегі жазушыларды – барлық жерде жүретін жазушылар және тығылып жүретін жазушылар деп екіге бөлуге болатын сияқты. Мен өзімді жазушы болдым деп айта алмаймын. Біздікі жәй әуесқойлық қой. Белсенді болатындай қоғамда қазір не бар өзі? Белсенділік деген не екен. Оны әркім әрқалай түсінеді. Көрінген жерде шошаңдау, мінберге шығып ұрандау, теледидардағы дарақы шоуларда тайраңдау, қоғамдағы кез-келген қитұрқылықты саяси мәселеге балап бас тығу, нәтижесі жоқ бас қосулардан қалмау, әлеуметтік желілерге әйелінің шашын жайып түскен фотосын салу мен үшін белсенділік емес. Маған өмір қымбат, уақыт қымбат. Демек мен белсенді емес екенмін. Бірақ, айғайлатпай шулатпай бірдеңе істеп жүретінім тағы бар.
-Екі топқа да өзіңізді жатқызбайсыз ғой?
-Жеке өмірімде, топалаң топтарда жоқпын. Даңғаза концерттер мен сайқымазақ тойларға бармаймын. Ғылыми конференция дегеннен әбден жалыққанмын. Ақша берсе бармаймын. Теледидармен қоштасқанмын. Неге екенін білмеймін, айтыс пен футболды мүлде көргім келмейді. Есесіне дәстүрлі әнді, күйді ұнатамын. Карта мен шахмат ойнамаймын. Интернеттен қажетті дүниемді тауып аламын. Бос уақытымда екі-ақ нәрсемен айналысам. Бірі – кітап, екіншісі – кино. Кітап оқудан ешқашан жалыққан емеспін, бірақ талдап оқимын. Ұнаған кітапты қайталап оқудан да жалықпаймын. Ал саясатта шаруам жоқ. Ел кінәләса кінәләй берсін. Бұл менің шаруам емес. Кезінде саясатқа көп араласқанмын. Сол үшін қамалған кезім де болған. Жанашыр, ақылды ағаларым көп. Солар «Саясатта нең бар? Сенің міндетің – жазу. Қоғамды қаламмен бейнеле», – деді. Ойлап көрсем дұрыс сияқты. Сонымен қойдым. Біреулер жеріме, тіліме, дініме тисіп жатса қарап жатпаймын. Бізге керегі тыныштық. Ғылым-техникамызды дамытып, халқымызды өсіріп алсақ, қазірше сол жетеді. Жалған ұлтшылдар қаптап кетті ғой! Олармен бірге арандалғым келмейді. Бұл жағынан біраз ақылым бар. Біреудің психологиясына кезіккен алғашқы минутымда баға беруге тырысам, әйтпесе түйсігім шатасады. Кейінгі кезде мүлде жат біреумен телефонда сөйлесу арқылы, ішкі дүниесін оқуға тырысып жүрмін. -Қазақ әдебиетінің қазіргі қауқары әлемдік аренаға шығуға неге жетпей жатыр?
-Қазақ әдебиетінің ендігі мінтеті осы болу керек. Бұл біз үшін әлі өлі дүние. «Ойбай, Абай әлемге әйгілі» - деп, өз-өзімізді өтірік жұбатудың еш қажеті жоқ. Абай мықты емес дегенім емес. Абай әлемнің бас ақыны болатындай мүмкіндігі бар. Өкінішке орай біз таныта алмадық. Мәселен, Бейімбет Майлин «Құсайын Құлбеков», Сайын Мұратбеков «Жусан иісі», Тынымбай Нұрмағанбетов «Шашубай», Серік Асылбекұлы «Бөтеннің тойы» қатарлы шығармалардан, көркемдігі әлдеқайда төмен шығармалар қазір күллі әлемге тарап, авторға мол табыс әкеп жатыр. Әлем бойынша Нобель сыйлығын еншілеген жеті драматург бар. Соның жетеуін де оқыдым. Үшеуі мықты, төртеуінікі ортанқолдан сәл төменірек дүниелер. Гәп қай елдің драматургі болғандығында болып тұр. Қазақстанда болса мүмкін жалғыз костюммен өтер ме еді.
– Әдебиеттің айналасындағы жасалу керек жұмыстар дұрыстап сұрыпталу қажет дейсіз ғой?
– Осы күнге дейін біз әдебиетті тәж қылып көтеріп келдік. Пұт қылып табындық. Баяғыда үлкендер «Құран кәрімді» ақ матаға орап, бас жақтарына іліп қойып «Ойбай, жоламаңдар! Қасиеті ұрады», – деп жұрттан аластап ұстаған. Біз де әдебиетті тура сондай, қорқынышты етіп алдық. Ендігі жерде әдебиетке коммерциялық тауар ретінде қарауымыз керек! Әйтпесе, кеш қаламыз. Онсыз да сүйретіліп Еуропаның артында қалдық. Әдеби агент деген түсініктің пайда болып, жұмыс атқарғанына бір жарым ғасыр өтті. Біз енді-енді естіп жатырмыз. Бізде үш-ақ нәрсе бар. Автор, баспагер, шенеунік. Әдеби даму үрдісі, кітаптың шығып таралуы осы үш адамның айналасында ғана қалып қойған. Өте ескірген, тозған, жаңалығы жоқ жүйе бойынша баяу жүріп жатыр. Ал оқырманның қайда жүргені маңызды емес. Автор шенеунікке жалтақтайды, шенеунік баспагерге ақша лақтырады, ол кітап шығарады. Ал әлемдік арена бұл үшеуінің түсіне де кірген жоқ. Баспагерді алайық. Не мемлекеттен, не автордан ақша алады. Шаруа бітті. Кіріс кірді. Табыстың сұрағы жоқ. Кітап қалай сатылады, ол жағы шикі. «Мә, кітабың!» Автор тілі салақтап, кітабын көтеріп алып, Абылайханның бойымен оңды-солды кітабын таратқанына мәз. Кітаптың сырты – баяғы мұқаба. Сурет пен өмірбаяннан тұрады, адамға аллергия беретін баттасқан бояу. Түсіп кетсе сирағыңды шағатындай ауырлығы тағы бар. Егер мемлекеттік тапсырыспен шыққан болса, авторға бір рет берілетін титімдей қаламақы. Болмаса ол да жоқ. Қазақстанда кітап іздеу бір қиямет. Ауылдан туысым келіп тұр. «Бәленшенің түгенше деген кітабын алғалы келдім, қалай табам?» – дейді. Мен: «Алдымен сол кітап шыққан баспаны біл, сосын сол баспаның әдірісін тап, сосын баспаға барып сатып ал», – деймін. «Ойбай, осындай қиын ба еді?». Екі сағаттан кейін телефон шалып тұр: «Бауырым, баспа көшіп кетіпті» – деп. Сөйтіп әлгі кітапты, екі күн іздеп таба алмадық. Өз ішіміздегі кітап саудасының сиқы осы. Әлем бізді не қылсын?! Кейбір елдерде, сол елден шыққан күллі кітаптардың басы құралатын, аспанмен таласқан үлкен дүкен болады. Барады да содан алады. Олар мұны да, ескірді деп жүр. Джоан Роллинг «Гарри Поттер» деген кітабынан миллиондаған табыс тапты. «Бос орын» деген шығармасы 450 млн данамен шыққан. Сондай-ақ бұл кітапқа, басылым көрмей жатып, миллионнан астам оқырман тапсырыс берген. Мұны кім істеп жүр? Джоан Роллинг па? Жоқ, ол емес. Мұны әлгі әдеби агенттер, яғни менеджерлер, PR-шылар, жарнамашылар ұйымдастырып отыр. Ал енді жаңағы біздің баспалар қалай? Еуропа қалай? Біз керек десеңіз, қазақшадан ағылшыншаға көркем аударма жасайтын аудармашы да дайындай алмаппыз. Ал қырғызда бұл бар. Тек қана ағылшын тілін білмейтін, сәл-пәл топастау, сапасыз докторларды дайындай бергенбіз. Олар әдебиетті зерттейді-ау келіп! Бұдан түк те шықпайды.
– Қаламгерлердің алаңсыз жазуы үшін алдымен жағдайы жасалу керек дейсіз ғой?
– Заманында Бейімбет ағылшынға аударылғанда әлем таңданар еді. Бізде әлгіндей кітап бизнесмендері болғанда Бейімбеттен қыруар ақша түсіретін еді. Абайды әлемге насихаттайтын еді. Мәселен, Арман Әлменбеттің кітабы шықты дейік, баспагер келіп есепті соғып-соғып жіберіп, «саған табыстың елу пайызын төлейміз. Бұл кітабыңа Қазақстандағы табысы үшін 300 000 теңге, Англиядағы табысы үшін 3 000 000, Қытайдағы табысы үшін 30 000 000 береміз. Алаңдамай жаза бер, біз дайынбыз. Келіссеңіз мына жерге қол қоясыз. Мынау келесі кітабыңның авансы» - деуі керек қой! Біз осы деңгейге жетуіміз керек. Ал бізде мұндай баспагерлік мамандық атымен жоқ. Бірақ күндердің күнінде Еуропадан оқып келген бір іскер қазақ осыны дөңгелетіп әкетеді деген сенімдемін. Оған дейін баспагерлер де, қаламгерлер де мемлекетке алақан жаюға мәжбүр. -Сізді қаламгер ретінде қандай прототип қызықтырады?
-Уақытында қағазға түсіре алмағандықтан қанша ойлар ауаға кетті. Бір кездері жалған ұлтшылдар немесе білімі жоқ ұлтшылдар туралы жазғым келген. Мысалы, бір адам болады. Тек қана қазақый киім киеді. Тіпті шұлықтары, туфлилері, іш киімдері, оның тігістеріне шейін ұлттық өрнек салынған. Қазақый тағамдар жейді. Барып тұрған дәстүршіл. Бірақ кітап оқымайды. Білімі таяз. Ұлт үшін ұрандатып, топпен кетіп бара жатады. Бір заманда артына қараса ешкім жоқ, жалғыз өзі жүгіріп бара жатыр... Сол сияқты ғой. Осы шығарманы ұстап қала алмағаныма өкінем. Жағымпаз жастардың, тойымсыз қарттардың, даңғаза әншілердің типін жазса. Қаламгерлердің өмірін де жазғым келген. Жаза алмадым. Өйткені, олармен байланысым болмады.
-«Ұлтшыл» дегеннен шығады. Белгілі жазушы Қабдеш ағамыз «Ұлтшыл» деген атағымды бәрінен жоғары қоямын депті. Сіз қай атағыңызды биік қоясыз?
-Студент кезімде, факультетіміздің дәлізіндегі қабырғадан «Ф.ғ.докторы, профессор, ақын Мырқымбай Тырқымбайұлын Сырқымбай ауылының құрметті азаматы атағын алғандығы үшін құттықтаймыз!» – деген қағазды көрдім. Көрдім де, жатып кеп таңғалдым. «Құдай ау, осындай да атақ бола ма екен?!» дедім ішімнен. Еңбегі сіңсе сіңген шығар. Маңдай тер, қызыл қан ақса аққан шығар. Көз майы таусылған шығар. Сол терді, сол қанды, халықтан алғыс алу үшін ағызып па еді? Егер шынымен еңбек еткен болса, халық онсыз да, басына көтерер еді ғой! Бұл атаққа жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп жеткен болса, кімге керек!» - деп қатты толғандым. Біреулер болмашы атаққа таласып жатады. Біреуді-біреу боқтап жатады. Не деген бітпейтін атақ, не деген шаршамайтын жүйке? Көркем әдебиет дегеніміз, классикалық төрт өнердің бірі емес пе? Ендеше, өнерге адалдық керек қой! Қалам ұстамас бұрын әуелі, көркем сөздің мақсатын түсініп алғанымыз жөн! Мен мынаны кесіп айтамын, егер қаламды атақ шығару үшін серік қылсаңыз – онда шипаңыздың біткені.
-Мүмкін атақ-даңқ бұл өмірде өзінің бағасын білу үшін керек шығар?
-Ф.М. Достоевский, Л.Толстой, А.П.Чехов, Н.Гоголь сынды әлемдік тұлғалар өздерінің ұлы адам екендерін білмей-ақ, бәлкім білгісі келмей-ақ өмірден өтіп кеткен. Ұлылардың сол легіне Ж.Аймауытов, Б.Майлин сынды тұлғаларымызды да қосар едім. Олар атақ үшін, елден жағымды сөз есту үшін, не сахнаға шығарда ұзын-сонар пәленше-түгеншенің иегері деген шұбыртпаларды естіп тұру үшін жазған жоқ. Жазушылыққа жауапкершілікпен қызыға қарап, өмір сырын, адам сырын ашу үшін барын салып тер төгіп кетті. Чехов өзінің екі-үш беттік әңгімесін Э.Хемингуэй, Х.Мураками сынды кейінгі классиктер басына жастанып оқиды деп ойлап үлгерді ме екен? Абай атамыз қазақтың бас ақыны болып қалам деп ойлады ма екен? Біз адамгершіліктің сондай биік деңгейіне қашан жетер екенбіз... Бізде керісінше ғой. Бәріміз де өзіміздің ұлы екенімізді біліп алғанбыз. Мен де осының сырқатын ептеп жұқтырған сияқтымын. Өзін «Тірі классик» дегенде беті бүлк етпей, күлімсіреп отырғандарды, «Ұлы ақынмын» деп біреудің есігін тепкілеп тұрған ақындарды да көргенбіз. Жазушының өзінің ұлы екенін сезінгені – оның сарқылғаны. Ф.Кафка «менің жазғанымды, өртеп жібер» деп артына өсиет қалдырған жоқ па? Демек, ол өзін классикпын деп ойлаған жоқ. Бірақ классик екені шындық. Қазақстанда ұлы емес адам бар ма екен өзі?
- Демек, уақыттың берген атағы бәрінен құнды дейсіз ғой? -Ф.Достоевский «Мен әдебиетте адамдығымды сақтау үшін жүрмін», – дейді. Егер біз әдебиетте адамдығымызды сақтай алсақ, одан асқан атақтың да, жетістіктің де болуы мүмкін емес. Атақты тілемсектеніп сұрау – өз-өзіне сенбейтін талантсыздың тірлігі. Атақ, дәреже адамның шынайы маңдай теріне берілсе қарсы емеспін. Өзім атақ туралы мүлде ойлап көрмеппін. Бұны ойлаудың өзі қауіпті. Соңғы кезде ағаларым медал таққыш болып кетті. Бұл жақсы емес. Қазақ атам айтатын «Итке темір не керек?» - деп. А.П.Чеховтың «Орден» деген әңгімесі бар. Әңгіме кейіпкері қонағасыға біреудің орденін тағып барады. Әрине ондағылар бұған жағымсиды, құрақ ұшады. Өзіне емес, орденіне. Бұл сонау алдыңғы ғасырдағы Ресей қоғамының қасіреті. Бізге оңбай жұқтырды. Өздері арылды ма, арылмады ма ол жағын білмеймін. Виктор Пекелис: «Атаққұмарлық дегенде қандай да болмасын тіпті арзандыққа құмар, соған жету үшін ешнәрседен тайынбайтын, жиренбейтін безбүйрек жандар ауызға алынады» - десе, Спиноза: «Атаққұмарлық дегеніміз шамадан тыс даңқын асырғысы келу» - дейді. Ал Абай атамыз «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» - дейді... Бұл жердегі айтып отырған «мақтаншағы» сол – атаққұмарлық. Қалған өсек, өтірік, бекер малшашпағы атаққа қызмет етеді.
-Әдебиеттен гөрі тірлікке көп мән беріп кеткеніңіз үшін, кейін өкінемін деп ойламайсыз ба?
-Әдебиетке мән берсем де, тірлікке мән берсем де түбінде өкінетінім анық. Мұны әбден білемін.
-Кәсіп пен әдебиетті бірдей алып жүруге болмай ма?
-Тырысамын. Бірақ, кәсіп сананы жаулап алады екен. Мида тыныштық жоқ... Менде мақсат көп. Ұлы жұмыстар істегім келеді. Ал әдебиет, соның бір бұтағы ғана. Мен тамырға көп мән берем, бұтаққа қарауға уақытым шыға бермейді.
Әңгімелескен Айжан Тәбаракқызы
What's Your Reaction?