Илон Маск жайлы не білесіз?
Әйгілі өнертапқыш, мультимиллиардер Илон Маск Оңтүстік Африка Республикасының Претория өңірінде дүниеге келген. Өзінің тың идеясы, өнертабыс құралдары арқылы жұртшылықты елең еткізіп жүрген кәсіпкер жайлы не білесіз?
Америкалық инженердің бастамаларына ең бірінші түрткі болған – әкесінің сыйлығы. Кәсіпкер 10 жасар ұлына Commodor VIC-20 компьютерін тарту етеді. Дәл осы құрал арқылы Илон бағдарламалау жүйесін үйреніп, небәрі 12 жасында өзінің жеке компьютерлік ойынын ойлап тапты. Ойыннан түскен қаржысын Илон фармацевтикалық компания акцияларын сатып алуға жұмсайды. 17 жасқа толғанда Маск осы акциясын сатып, ата-анасының қарсылығына қарамастан, Канадаға оқуға кетеді. Студент кезінде алғаш рет ақшадан қысылудың қандай екенін түсінеді. Кейін Стэнфорд университетіне түсіп, бірақ белгілі себептермен оқуын аяқсыз қалдырады.
1996 жылы Илон ағасымен жаңалық таратуға ықпал ететін бағдарлама шығаратын Zip-2 компаниясының негізін қалайды. Ал, 3 жылдан соң оны 308 млн. долларға сатып жібереді. Маск бұдан 22 млн. доллар пайда көрген. Сол жылы наурыз айында әлемге әйгілі PayPal төлем жүйесінің негізін құраған x.com өндірісін құрады. 2002 жылы қазан айында бұл компанияны басқа мекеме 1,5 млрд. долларға сатып алады. Илонға акцияның 11,7 пайызы тиесілі еді. Осылайша ол сатылымнан 165 млн. доллар қаражат өндіреді.
Осы уақыттан бастап ол өзінің шегі жоқ идеяларының шарықтауына мүмкіндік береді. 2002 жылы ол тапқан қаржысын зымыран ұшыруға бейімделген SpaceX компаниясының негізін қалайды. Қажырлы еңбегінің арқасында 6 жылдың ішінде компания деңгейінің жұмысын жақсартып, NASA ғарыш айлағымен келісім шарт жасайды. Бұл ретте NASA 1 млрд. 650 млн. долларын жұмсаған. Илон компанияны басқарып қана қоймай, зымыранды жүргізудің инженерлік қыр-сырын меңгеріп келеді. Ол өзі ойлап тапқан құрылғыларын шығаруда бала күнгі арманына сүйенген бе дерсіз. Өйткені, ондағы атаулардың барлығы балалық шағында көрген сүйікті киносы мен оқиғалар желісімен байланысты.
Илон Маск болашақта ғаламшарда тұрсам деп армандайды. Ол алдына осындай мақсат қояды. Кім біледі, мультимиллиардердің бұл ойы жүзеге асып қалар?
What's Your Reaction?