Қазақтың тыйым сөздері-1
Қазақ халқының тәрбие құралдарының бірі - тыйым сөздер. Бұл сөздер есі кірген балаларды жаман әдет, жат пиғыл, орынсыз қылық, теріс мінездерден сақтандырып отырған. Тізені құшақтау - жалғыз қалудың, қолды төбеге қою - ел-жұрттан безінудің, үлкеннің жолын кесу - әдепсіздіктің, асты төгу - ысыраптың белгісі деп танылған және ондай ерсі істерге қатаң тыйым салынған.
Мұндай тыйым сөздер ел ішінде өте көп. Оның бәрін қамти алмағанмен кейбір үлгілерін қағазға түсіріп ұсынып отырмыз.
Дастарханды, тамақты баспа.
Кісі мініне күлме, кемтарға күлме.
Малды, ыдысты, тамақты теппе.
Суды сапырма, суға дәретке отырма, суға түкірме.
Көкті жұлма, шашыңды жұлма.
Үй айнала жүгірме.
Босағаны керме, құшақтама.
Табалдырықты баспа, отырма.
Үйді сабама, малды басқа сабама.
Бейіт тұсынан шауып өтпе, жүгіріп өтпе.
Бейітке қолыңды шошайтпа, оған қарап түзге отырма.
Итке ожаумен ас құйма.
Түнде үй сыпырма, түнда тырнағыңды алма.
Үлкендердің жолын кеспе, сөзін бөлме.
Бүйіріңді таянба, жер таянба, иегіңді таянба.
Шашыңды жайма.
Бетіңді баспа.
Тізеңді құшақтама.
Өтірік жылама.
Жұлдызды, адамды санама.
Сыпырғышты тік қойма.
Қолыңды қусырма.
Адамға пышақ, мылтық кезенбе.
Бос бесікті тербетпе.
Құранды, тамақты баспа.
Жақын адамға пышақ сыйлама.
Тұзды, күлді баспа.
Отпен ойнама, оттан аттама, отқа түкірме.
Нанды жерге тастама, үстіне басқа затты қойма.
Бейуақытта жылама, ұйықтама.
Бейуақытта кісіге көңіл айтпа.
Бөркіңді теріс киме.
Үйде ысқырма.
Үйге жүгіріп кірме.
Мойныңа белбеу жіп салма.
Айды қолыңмен көрсетпе.
Құдыққа түкірме, ыдысқа түкірме, жоғары қарай түкірме.
Шелектегі суға аузыңды батырма.
Ақты төкпе.
Адамды айналма.
Адамға қарап түкірме, есінеме.
Жалғыз ағашты кеспе.
Пышақтың жүзін жалама.
Пышақты шалқасынан қойма.
Таңдайыңды қақпа, басыңды шайқама.
Қызды ұрма.
Кісіге, молаға саусағыңды шошайтпа.
Орынсыз күлме.
Кісі айыбын бетіне баспа.
Көп сөйлеме.
What's Your Reaction?